×

«Түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдының қалтасында 6 млрд теңге қайдан жүр»: депутат тағы бір былықтың бетін ашты

Мақсат Толықбай Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқанын айтты

 Халық үні 05.06.2023 | 21:50
Коллаж: Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қайрат Сатыбалдының рейдерлік әрекетінің құрбаны болдық деген Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайтқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қонақ үй мемлекетке өтіп кетсе, Америка франшизаны тартып алады. Біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар қайда барып жұмыс істейміз, қайтіп күн көреміз» деп көз жасына ерік берген Алматыдағы Hilton қонақ үйінің 160 қызметкерінің арыз-шағымын тыңдап қайттым», - дейді депутат.

Ол  қонақ үйді өз күшімен он жылға жуық уақыт «АБЛИ Құрылыс» компаниясының құрылтайшысы Шолпан Каранеева есімді кәсіпкер салғанын, заңды иесі де сол екенін айтты. Ал Қайрат Сатыбалды рейдерлік жолмен тартып алған. Бұл туралы Каранеева 2020 жылы-ақ ашық айтқан көрінеді.

Мақсат Толықбай осы ретте кәсіпкердің сөзін келтірді:

«Бұдан төрт жыл бұрын (2019 ж) франчайзинг келісімімен Hilton қонақ үйін салған. Құрылысты аяқтау үшін «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-на қонақ үйді кепілге қойып 4 миллиард 200 миллион теңге сомасында қарыз алған. Короновирус пандемиясы басталған 2020 жылы Hilton қонақ үйі қызметін уақытша тоқтатқан. Сол кезде президент кәсіпкерлерді тұралап қалмау үшін банктерге төлемдерді уақытша тоқтатуға бұйрық берген. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ президент бұйрығын пысқырмаған. Банк тарапы өтінішке жауап бермей, қонақ үйді «Заңгер» коллекторлық агенттігіне береді. Ал «Заңгер» қонақ үйдің нарықтағы құны 9,5 миллиард теңгеден асса да, оны бар болғаны 5,1 миллиард теңгеге бағалап, «Байдала» ЖШС-не сатып жіберген», - депті кәсіпкер. 

Шолпан Каранеева «Байдала» компаниясының артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын айтады. Оның «рейдерлік басып алу әрекеті» деп аппелациялық сотқа шағымданғанымен нәтиже шықпағанын жеткізді.

«Қайрат Сатыбалды ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленген кезде біздің құзырлы органдар DoubleTree by Hilton қонақ үйін де Қайраттың тәркіленген мүліктерінің қатарына қосып қойған. «АБЛИ Құрылыс» компаниясы «Біз «Байдала» ЖШС-мен соттасып жатырмыз, бұл қалай Қайрат Сатыбалдыға өтіп кетеді , іс әлі қаралып жатыр ғой?!» деп арыз түсірдік. Осыдан кейін Қайрат пен «Байдала» арасында тез арада келісімшарт (договор купли-продажи) жасалады. Бұл келісімге түрмеде отырғанында қол қойылған. Ол жерге нотариусты қалай кіргізіп жүр, түрмеде отырған Қайраттың қалтасында 6 миллиард теңге қайдан жүр?»  –  дейді Каранеева.

Ол бұл жерде де заңсыздық көп. Ендігі схема бойынша, қонақ үйді Қайрат Сатыбалдының атынан мемлекеттік активке өткізіп жіберіп, арзан бағада аукцион арқылы өз аттарына аударып алғысы келетін басқа мүдделі топтар барын айтып отыр. Қайрат Сатыбалды ұсталса да, рейдерлік әрекет жалғасып жатыр» дейді шағымданушы. 

«Осы орайда біз шын мәнінде «Әділетті Қазақстан» құрғымыз келсе, осындай заңды бизнесін әлдекімдер көпе-көрнеу тартып алған тұлғалардың да зары мен мұңына құлақ түріп, көңіл бөлуіміз керек шығар. Жәбірленуші тараптың сұрайтыны бір-ақ нәрсе: құзырлы органдар істі әділ қараса екен. Шағымданушылардың арызын Антикор мен Бас прокурорға жолдадым», –  деді Мақсат Толықбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама