×

Ребрендинг: Сара Назарбаева негізін қалаған институттың атауын өзгерту ұсынылды

Биылдан бастап Сара Назарбаева мектеп бағдарламасына енгізген «Өзін-өзі тану» міндетті пән болмайды

 Халық үні 02.06.2023 | 10:23
фото: kaztag.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева негізін қалаған институттың атауын өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Ашық НҚА порталында жарияланған үкімет қаулысының жобасына сәйкес, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының атауын өзгертіп, ребрендинг жасау жоспарланып отыр.

Жобада аталған институтты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты деп атау ұсынылған.

Қаулы жобасының авторы – оқу-ағарту министрлігі. Құжат 15 маусымға дейін ашық талқылауда болады.

Бұл институт 2021 жылы Сара Назарбаева негізін қалаған «Бөбек» қорының жанынан ашылған болатын. Институттың негізгі миссиясы – «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқытушылардың біліктілігін арттырумен айналысу болатын.

Еске салайық, алдағы оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде 11 жыл бойы оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пәннен факультативтік пәнге ауыстырылады. Министрліктің мәліметінше, аталған пән бұрынғыдай 1-ден 11-сыныпқа дейін емес, оқушылардың таңдауы бойынша және тек бір сыныпта өткізіледі. «Өзін-өзі тану» пәнінің авторы – Сара Назарбаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама