×

Сара Назарбаева мектеп бағдарламасына енгізген пән ауыстырылады

Алдағы оқу жылынан бастап «Өзін-өзі тану» міндетті пән болмайды

 Айнұр Шошаева 06.05.2022 | 11:32
коллаж: Halyq Uni

Қазақстан мектептерінде 11 жыл бойы оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәні келесі оқу жылынан бастап міндетті пәннен факультативтік пәнге ауыстырылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, аталған сабақ бұрынғыдай 1-ден 11-сыныпқа дейін емес, оқушылардың таңдауы бойынша және тек бір сыныпта өткізіледі. Қазіргі уақытта ведомство барлық деңгей бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Олардың мазмұны заманауи тенденцияларды ескеру және мектеп оқушыларының оқу жүктемесін азайту мақсатында қайта қаралады. Осыған байланысты министрлікке «Өзін-өзі тану» пәнін оқытатын және педагогикалық жүктемесі үшін алаңдап жүрген мұғалімдерден сұрақтар келіп түсіп жатыр. Айта кетейік, педагогтер өздерінің негізгі біліктіліктері, дәлірек айтқанда, әлеуметтік педагог ретінде жұмысын жалғастыра алады», - деді министрлікте.

Қазақстан университеттерінде өзін-өзі тану бойынша маман даярланатынын атап өту керек.

«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығы бойынша оқитын және басқа бағыттарға ауысқысы келетін студенттерге каникул кезінде басқа білім беру бағдарламаларына ауысу үшін жағдайлар жасалады. Бұл қазірдің өзінде нормативтік құжаттарда қарастырылған. Университеттер студенттердің кредиттерін аудару және қайта есептеу бойынша тиісті жұмысты реттейді», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінде.

Еске сала кетейік, бұл пән 2000 жылдан бастап білім беру ұйымдарында кезең-кезеңімен енгізілді. Бастама авторы - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Назарбаева болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама