×

Президент Күнсұлу Закарьяны қабылдады

Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру айтарлықтай артқан

 Дәурен Ерболат 31.05.2023 | 17:47
Фото: Telegram/Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарьяны қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында президентке Ұлттық ғылым академиясының қызметі мен жоспары жөнінде есеп беріліп, ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мәртебеге ие болған Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаты арасындағы өзара байланыстың нығаюына баса мән беріп, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін қолдану керек.

Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту үшін мемлекет тиісті жағдай жасап жатқанына назар аударды. Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді.

Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Бұл ретте президент қаржыландырылып жатқан ғылыми жобалардың өзекті әрі сұранысқа ие болуы, сондай-ақ экономиканың нақты секторларында іс жүзінде қолданылуы маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы ҰҒА президенті Күнсұлу Закарьяға талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми интеллигенцияның елімізді дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтіп, Ғылым академиясы президентіне табыс тіледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Күнсұлу Закарья мемлекет басшысына алғыс айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама