×

Сары түске өту, үзіксіз сызықты кесу: ІІМ астаналық жүргізушілерге неге айыппұл келіп жатқанын түсіндірді

Ішкі істер министрінің бұйрығымен 6 мамырдан бастап жол ережесіне өзгерістер енгізілді

 Ербол Тұрымбет 16.05.2024 | 17:59
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстанда көптеген көлік жүргізушісі бұрын естіп-білмеген жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл арқалап жатқанын айта бастады. Осы ретте Halyq Uni тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәселенің мән-жайын сұрап білдік.

Алдымен бағдаршамның сары түсінен бастайық. Бір нәрсе анық, жасыл түс жанғанда жүруге рұқсат етілсе, сары түс – жүруге тыйым. Мұндағы жаңалық әзірге тек Астана қаласында және бұл мәселе цифрландырылған. Яғни, бұған дейін көлік жүргізушілерінің сары түске өтіп кеткенін полиция байқап қалғанда ғана жазалайтын. Енді, дәл осы ережені бұзатындарды полиция емес, «Сергек» камералары анықтап отырады. Сол себепті астаналық жүргізушілерге айыппұл келіп жатыр.

Одан бөлек, Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына біршама өзгеріс енгізді. 2024 жылғы 17 сәуірде Ішкі істер министрі «2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрыққа қол қойды.

Сол бұйрыққа сәйкес, жол жүрісі қағидаларына мына мәселелерді көздейтін бірқатар түзету бар. Мәселен, үзіксіз тұтас бір сызықпен бөлінген және (немесе) «басып озуға тыйым салынады» деген белгісі бар екіжолақты екіжақты көлік қозғалысы бар жолдарда ережеде рұқсат етілген жайттардан басқа жағдайларда қарсы бетке шығып кетуге тыйым салынды. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 596-бабының 3-тармағына жатқызылып, қарсы жүріс жолағымен жүрген болып есептеледі. Бұлай ереже бұзғандар 6 айға жүргізуші куәлігінен айрылады.

Сондай-ақ Елді мекендерде автобустардың жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін төмендетілді.

Қиылыстарда солға бұрылу кезінде қарсы бағыттағы көлік оң жағынан өту керек. Тек осындай маневр жасауға мүмкіндік бермейтін ерекше геометриялық параметрлері бар қиылыстар бөлек қаралады.

М3 санатындағы барлық көлік құралы үшін маршруттық көлік құралдарына арналған жолақтың қозғалуына болады. Яғни, жүргізуші орнынан бөлек, тағы кемі 8 орындығы бар көліктер қала ішінде қоғамдық көлік жолағымен жүре алады.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдардың (үшінші топтағы) жол инфрақұрылымына қол жеткізуіне рұқсат берілді. Мәселен, егер бұрын көлік құралына «мүгедектігі бар адам» деген танымдық белгісін тек 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адам жапсыра алатын болса, енді мұндай белгіні тірек-қимыл аппараты бұзылған 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар да пайдалана алады.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай белгі мүгедектігі бар адамдарға арнайы бөлінген автотұрақтарда (мүгедектерге арналған тұрақ), сондай-ақ, тұраққа тыйым салынған орындарда тоқтауға басым құқық береді;

Сонымен бірге, бірқатар жаңа жол белгілері енгізілді:

  • электросамокат жүрісіне тыйым салынады;
  • параллель жатқан жол бөлігіне өту;
  • параллель жол бөлігінің соңы;
  • диагональды жаяу жүргіншілер өткелі және т. б.;

Бұларға қоса, мынадай жаңа танымдық белгілер енгізілді:

  • Электромобиль
  • Газ баллонмен жабдықталған автокөлік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама