×

Депутат сарбаздарға несие бермеуді ұсынды

Ол мұны заңмен бекіту керек деген пікірде

 Дәурен Ерболат 18.04.2023 | 15:56
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сенат депутаты Жанна Асанова Қазақстанда сарбаздарға несие бермеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Несиелендіруге тоқталайын. Сіз (Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновке қарата айтты, – автор) банктермен меморандумға қол қойылғанын айттыңыз. Бірақ меморандум декларативті сипатта болды. Әскери борышты өтеу кезінде несие төлемеу құқығын беруді заңмен бекіту керек шығар, - деді депутат Сенатта.

Бұл ретте Жанна Асанова сарбаздарға несие бермеу керектігін баса айтты.

Әскердегі сарбаздарға несие алуға тыйым салу керек. Себебі олардың атына қомақты несие алған жағдайлар болған. Мұның неге істелетіні белгілі. Kaspi қосымшасы арлықы оны істеу жеңіл, - деді сенатор.

Сондай-ақ ол әскерге кімдер баратынын, ондағы әлімжеттікке қатысты ойын айтты.

«Бізде әскерде ғана емес, қоғамда, университетте әлімжеттік бар. Тіпті, әлімжеттік мектептен басталады. Қазіргі балаларға қараңызшы. Жасырудың не керегі бар, әскерге жоғары оқу орнына түсе алмағандар барады. Егер ол адамда осындай белгілері болса (агрессия, – автор), ол әскерде өзін көрсете бастайды. Осылайша, ол әлсіздерге қысым көрсетеді және тағы басқа. Оған әскер өзін қалыптастыратын жалғыз орын болып көрінеді», - деп түйіндеді сөзін Жанна Асанова.

Айта кетейік, бұған дейін Бас әскери прокуратура суицид көбінесе әскерде болады деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын хабарлаған болатын.

Сондай-ақ былтыр Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев әскердегі суицидті сарбаздардың материалдық жағдайымен байланыстырған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама