×

Суицид көбінесе әскерде болады деген пікір шындыққа жанаспайды – Бас әскери прокуратура

3 жылда 300-ге жуық әскери қызметші көз жұмған

 Дәурен Ерболат 18.04.2023 | 11:11
Фото: azattyq-ruhy.kz

Қазақстандағы суицид көбінесе әскерде болады деген пікір ресми мәліметтермен расталмайды. Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары, әділет подполковнигі Мақсат Қазиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, уәкілетті органдар қабылдап жатқан шараларға қарамастан әскери қызметшілердің қазаға ұшырау жағдайы жалғасып жатыр.

2020 жылдан бастап 270 әскери қызметші қайтыс болды: 2020 жылы – 78 әскери қызметші, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 11. Өлім жағдайларының ең көп тараған себептері: ауырып қайтыс болу – 36%, көлік апатының салдары – 24%, суицид – 20%, - деді Мақсат Қазиев Сенаттағы «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі» тақырыбында өтіп жатқан отырыста.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы бүгінде бәрін алаңдатып отырғанын ашық айтты.

Суицид профилактикасын талдау нәтижесі әскеріміздің қоғамның бір бөлігі ретінде жағымсыз жағдайға тәуекелі барын көрсетті. Халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 20-орында, ал жасөспірімдер арасында үштікке кіреді. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдары Қазақстанда 17 631 суицид және 21 332 оған оқталу жағдайы тіркелген, яғни 10 мың азаматқа 9 суицид және 11 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу келеді. Олардың 86 суициді және 20 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу дерегі әскерде болған, яғни 10 мың әскери қызметшіге 6 суицид және 1 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу келеді, - деді ол.

Мақсат Қазиевтің пікірінше, бұл деректер суицид көбінесе әскерде болады деген түсінікті жоққа шығарады.

«Қоғамдағы өз-өзіне қол жұмсау көбінесе әскерде болады деген пікір ресми мәліметтермен қуатталмайды. Бұл ретте денсаулықты қорғау мен профилактикасы бойынша уәкілетті орган Денсаулық сақтау министрлігі екенін атап өткен жөн», - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама