×

Украина Қарулы күштеріне қай ел қандай және қанша танк береді?

 Дастан Жұмабекұлы 01.02.2023 | 16:03
фото: ашық дереккөз

Украина армиясына батыс елдері бергелі жатқан танктердің маркалары мен саны жөнінде ақпарат шықты. Бұл туралы «Диалог.Ua» хабарлады.

Көптеген мемлекеттер Украинаға жақын арада қазіргі заманғы соғыс машиналарын беруге ниетті екендерін білдіріп отыр.

Батыстың Украинаға қазіргі заманғы ұрыс танктерін беруге салып қойған жасырын тыйымы алынып тасталғаннан кейін тұтас бір мемлекеттер өздерінің украин тарапына соғыс машиналарын жіберуге құлықты екендерін ашық білдіре бастады, – делінген хабарламада.

АҚШ-тың CNN телеарнасы Украинаға кімнің қандай және қанша танк беруге ниетті болып отырғанын жариялады.

«Германия мен Польшаның әрбірі 14-тен «Leopard 2» тенктерін жібереді. Тап осындай машинаның 4-еуі Канададан жеткізіледі. Ал АҚШ өзінің «M1 Abrams» танктерінің 31-ін беретінін мәлімдесе, Ұлыбритания өз елінде шығарылатын «Challenger 2» танкісінің 14-ін аттандырады», –  делінген хабарламада.

Алайда бұл әлі толық тізім емес. Танк коалициясына қосылуға ниетті болып отырған мемлекеттердің де, олардан келетін соғыс машиналарының да саны бұдан әлдеқайда көп. Мысалы, Испанияның Украинаға өзінде бар «Leopard 2»-нің бірнешеуін жібергісі келетіні белгілі. Испания тарапы мұны алдағы көктем айларында орындалатынын мәлімдеп те қойды.

Олардан басқа, Нидерланд Украина Қарулы күштеріне жөнелту үшін Германиядан 18 «Leopard 2» танкісін сатып алатын болып отыр. Оған қоса, Польша өзінде бар модернизацияланған 60 «PT-91 Twardy» танкісінің жартысын бергісі келеді.

Бұған дейін Польша Қорғаныс министрлігінің инициативасымен одақтастар арасында танк коалициясы құрылғаны хабарланған еді. Соңғы сәтте бұл топты Түркияның да толтыруы мүмкін екені айтылып жатыр. Бұл елдің арсеналында 316 «Leopard 2A4», 170 «1A4» және тағы 227 «1A3» танктері бар.

Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін украин армиясына шабуыл операцияларында жеңіске жету үшін 300-500 танк керек екенін айтқан болатын.

Бүгін АҚШ Украина әскеріне тағы 2 млрд доллардың әскери көмегін жібергелі жатыр деген хабар да шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама