×

Тағы екі қазақ боксшысы Азия чемпионы атанды

Нұрсұлтан Алтынбек пен Махмұд Сабырхан да алтын медальді жеңіп алды

 Дастан Жұмабекұлы 26.01.2023 | 17:13
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Бокстан Таиландтың астанасы Бангкокта өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбайдың ізін ала 54 келі салмақтағы Нұрсұлтан Алтынбек пен 57 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Махмұд Сабырхан да алтын медальді жеңіп алды.

Финалда Нұрсұлтан Алтынбек филиппиндік Флинт Джарамен кездесіп, оны қиналмай ұтты. Ал Махмұд Сабырханның қарсыласы тай боксшысы Саравут Суктхет отандасымызға лайықты қарсылық танытты. Алайда Махмұд Сабырхан шаршы алаңда шапшаң және жеңіске деген жігерін көрсетіп, рингтің иесіне еш мүмкіндік бермеді. Төрешілер шешімі бойынша Махмұд айқын жеңіске жетті. 

Махмұд Сабырхан былтыр ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған еді. Енді міне, жастар арасындағы құрлықтың чемпионы атағын жеңіп алып отыр.

Бұған дейін Санжар Тәшкенбай Азия чемпионы атанса, Абзал Серік (67 кг) пен Сабыржан Аққалықов (71 кг) күміс медальге ие болды. Бұл екеуі финалда өзбек боксшылары Бекзод Хамидов пен Нурислом Исмоиловтен ұтылды. Енді шаршы алаңға Диас Молжігітов шығады. Оның да қарсыласы – өзбек боксшысы. Диас 75 келі салмақта Алохон Абдуллаевты жеңсе, Қазақстан құрамасына төртінші алтын жүлдені сыйлайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама