×

Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін Африкадағы коронавирустың жаңа штамымен байланыстырды

Теңгенің долларға қатысты бағамы өткен жұмадан бері 0,4%-ға әлсіреді

 Ербол Тұрымбет 29.11.2021 | 13:53
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Оңтүстік Африка республикасында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы туралы жаңалық әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер еткен. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов айтып берді.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, коронавирустың жаңа штамының табылуы және бірқатар елдердің әуе қатынасына тыйым салуы өткен жұмада мұнай бағасына, акцияларға және дамушы елдердің валюталарына баға белгілеуді төмендеткен.

Оңтүстік Африкадағы жаңа штамм ғалымдардың назарына үш күн бұрын ғана іліксе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызды. Жаңа штамның көптеген мутациялары оның жоғары жұқпалылығы және қолда бар вакциналарға төзімділігі туралы қауіптенуді тудырады. Ұлыбритания, Сингапур, Австрия, Израиль, Гонконг жаңа штамның анықталуына байланысты ОАР-дан рейстерді уақытша тоқтатқан алғашқы елдердің қатарында болды. Еуропалық комиссия бүкіл ЕуроОдаққа ұқсас ұсыныс дайындап жатыр. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның дүйсенбісінен бастап Еуропаның үш елінде коронавирус инфекциясымен ауырудың күрт өсуіне байланысты локдаун қолданыла бастады, - деді ол.

Жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты, отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан Brent маркалы мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6%-ға құлдыраған.

Инвесторлар сентиментінің күрт нашарлауы және қаржы нарықтарындағы кейінгі тәуекелдер акция нарығын айналып өтпеген. Жұмада Eurostox 50 акцияларының еуропалық индексі 4,8%-ға, Nikkei жапон индексі 2,5%-ға құлдырады, S&P 500 Америка индексі 2,3%-ға төмендеп жабылды.

Ресей рублінің бағамы өткен жұманың қорытындысы бойынша, мұнай бағасының құлдырауы мен Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздіктің өсуі салдарынан бір доллар үшін 74,6 рубльден 75,6 рубльге дейін 1,2%-ға әлсіреді. Жалпы алғанда, қарашаның басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі 4,6%-ға төмендеді, ал АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2,1%-ға нығайды.

Бұл апта Азия сессиясында Moderna мен Pfizer фармацевтикалық компанияларының вакциналарын қысқа мерзімде жаңа штамға бейімдеу мүмкіндігі туралы мәлімдемелері аясында біршама түзетілу байқалады. Мәселен, Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 74,96 долларға дейін 3,08%-ға өсті.

Сыртқы нарықтардағы келеңсіздіктер мен мұнай бағасының құлдырауына байланысты бүгін теңге бір доллар үшін 433,50 теңгеге дейін немесе жұмадан бастап 0,4%-ға әлсіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама