×

Ақтөбеде жол апатына түскен 8 оқушының жағдайы белгілі болды

Төрт баланың жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа ауыр

 Халық үні 18.12.2022 | 08:38
ашық дереккөзден

Ақтөбеде жол-көлік оқиғасына түскен төрт оқушының жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа ауыр. Оларға ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе-Шұбарқұдық тасжолында болған жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен балалар Ана мен бала орталығына сағат 12:00-ден бастап жеткізілді. Ал оқиға сағат 9:25-те болған.

«Төрт баланың жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа ауыр. Жағдайы ауыр балалар бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Оларды травматолог, хирург, нейрохирург, бет-жақ хирургі, реаниматологтер қарап шықты. Сонымен бірге хирургия, травматология, нейрохирургия бөлімінің меңгерушілері шұғыл жұмысқа шақырылды. Қазіргі кезде нақты диагноз қою үшін жіті тексеріліп жатыр. Екі балаға диагностикалық лапароскопия жасалды. Бас-ми жарақатын алған екі баланың басына ота жасалды. Бірнеше сүйегі сынған бір балаға да көмек көрсетілді. Өзге балалардың жағдайы тұрақты ауыр. Балалардың ата-аналарымен сөйлесіп, оларға бар жағдай түсіндірілді. Балаларға жасалып жатқан ем-дом туралы айтылды»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде жаттықтырушы мен 9 оқушы мінген көлік аударылып, бір бала көз жұмып, 8 оқушы ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама