×

Ақтөбеде жаттықтырушы мен 9 оқушы мінген көлік аударылып кетті: 4 оқушының жағдайы ауыр

4 бала жансақтау бөлімінде жатыр

 Халық үні 17.12.2022 | 21:55
Фото: Polisia.kz

17 желтоқсанда Ақтөбенің маңында болған жол апатынан зардап шеккен 4 баланың жағдайы ауыр, деп хабарлады  «Диапазон».

Тағы 4 баланың жағдайы орташа ауыр. Барлық баланың жасы 12-де.

«4 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Біреуіне ота жасалды. Екіншісіне ота жасалып жатыр Барлық баланы травматолог, хирург, нейрохирург, жақ-бет хирургі және реаниматолог қарады. Бақылауды күшейту үшін қосымша мамандар шақырылды. Балаларды қайта тексеріп, емдеу жүргізіліп жатыр. Дәрігерлер ата-аналарымен байланысып, оқушыларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын хабарлап отыр», – деді «Диапазон» басылымына облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапахов.

Еске сала кетейік, 17 желтоқсанда Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының 68 шақырымында Toyota Estima автокөлігі аударылды. Автокөлік ішінде жаттықтырушымен бірге 9 бала болды. Олар Шұбарқұдық ауылынан Ақтөбе қаласына волейболдан жарысқа қатысу үшін шыққан. Оқиға салдарынан 1 бала оқиға болған жерде көз жұмды, қалған 8 бала Ақтөбе қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама