×

Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компания мемлекет меншігіне беріледі

Экономиканы монополиядан арылту жөнінде арнайы комиссия құрылды

 Динара Амантай 14.12.2022 | 09:43
Фото: t.me/KZgovernment

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы 26 компания мемлекеттік меншікке берілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, елімізде Экономиканы монополиядан арылту жөнінде арнайы комиссия құрылды және жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде комиссияның 25 отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша бұрын жекешелендірілген және бәсекелес ортаға берілген нысаналардың ішінен мемлекет меншігіне беру үшін оларды іріктеу өлшемшарттары әзірленді.

Телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, экология және қонақ үй бизнесі салаларында акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі акциялар пакеті мен қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік нысандары және ақшалай қаражат мемлекет меншігіне қабылданды.

Мүлік мемлекеттік меншікке сыйға тарту тәртібімен, бюджеттен қаржылық шығынсыз қабылданады. Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компанияны мемлекеттік меншікке беру процесінде. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады, - деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару керектігін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама