×

Заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару керек –  президент

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар алтын, мыс, мырыш пен басқа да табиғи ресурсты өндіретін 87 кенішті заңсыз алған

 Дастан Жұмабекұлы 12.12.2022 | 12:35
фото: ашық дереккөз

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Кездесуде президент Үкімет мүшелеріне елімізде әділ және тиімді экономикалық саясат жүргізілуі керектігін айтты.

Елімізде әділ бәсеке орнап, бизнес адал жұмыс істесе, әділетті нарықтық экономика құрылады. Ең алдымен, отандық кәсіпкерлердің сенімін арттыру өте маңызды. Экономиканы монополиядан арылту үшін мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл комиссия қажетті жұмысты тиімді жүргізіп жатыр, –  деді ол.

Сондай-ақ президент қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отырғанын, бірақ кейбір мәселелер назардан тыс қалып бара жатқанын, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау өте маңызды жұмыс екенін жеткізді. Сонымен бірге ол әкімшілік кедергілерді азайтып, нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керектігін ескертті.

Одан әрі Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет мүшелерінің назарын жер қойнауына қатысты мәселеге аудартты.

«Жер қойнауын пайдалану саласында бірқатар түйткілдер бар. Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар.

Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісім-шарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай алтын, мыс, мырыш пен басқа да 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға сутегін берген, –  деді ол.

Осыған байланысты Тоқаев Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Сосын бұл жерлер адал жұмыс істейтін инвесторларға ұсынылады. Оларға тиісті міндеттемелер жүктеледі. Соңғы кезде геология саласындағы реформаларды созбаққа салуға әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Баяғы кеңестік жүйеге қайта оралып, жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар. Қазақстанның жер қойнауы инвесторлар үшін ашық болуы керек. Сондықтан Үкімет бұл салада тәртіп орнатуға тиіс», –  деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама