×

Жоғарғы соттың төрағасы сайланды

Ол сот жүйесінде 20 жылдан аса уақыт еңбек еткен

 Дәурен Ерболат 08.12.2022 | 10:08
фото: facebook.com

Сенаттың жалпы отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Жоғарғы соттың төрағасы қызметіне Асламбек Мерғалиев сайланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу отырысқа мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен келгенін атап өтті.

Конституцияға сәйкес, Сенат құзыреті бойынша сіздер Жоғарғы соттың төрағасын сайлау және қызметтен босату мәселесін қарайсыздар. Осы құқықты пайдаланып, 5 жыл бұрын Жақып Қажыманұлы Асановты да Жоғарғы соттың төрағасы қызметіне тағайындауға келісім бердіңіздер. Жақып Қажыманұлының желтоқсанда өкілеттілігінің аяқталауына және басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жоғарғы соттың төрағасы қызметінен босату туралы ұсынымды әкелдік, – деді ол.

Осы орайда Мұрат Нұртілеу Жоғарғы соттың жаңа төрағасын ұсынды.

Жоғарғы соттың төрағасы қызметіне сайлауға Асламбек Амангелдіұлы Мерғалиев ұсынылады, – деді Президент әкімшілігінің басшысы.

Отырыста жаңа төраға ант берді.

Айта кетейік, Асламбек Мерғалиев 1972 жылы Павлодар облысында дүниеге келген.

Ыстанбұл мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Ол – 20 жылдан аса уақыт сот жүйесінде белсенді қызмет атқарған тәжірибесі мол, білікті маман.

Әр жылдары Павлодар қаласы сотының судьясы, Екібастұз, Павлодар қалалары соттарының төрағасы қызметін атқарған.

Солтүстік Қазақстан облысы сотының аппеляциялық сот алқасының, Қостанай облыстық сотының төрағасы лауазымдарында қызмет еткен.

2020 жылғы желтоқсаннан бастап Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама