×

Президент сайлауына лайықты кандидаттар қатысты – бақылаушы

Олар сайлауда заңбұзушылықтар болмағанын атап өтті

 Дәурен Ерболат 21.11.2022 | 14:10
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына жоғары білімі мен еңбек тәжірибесі бар лайықты үміткерлер қатысты. Бұл туралы ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы Сергей Лебедев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Кандидаттарды тіркеу тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Үміткерлерді іріктеу мұқият, сапалы жүргізілді. Кандидаттардың өмірбаяны мен тіркеу процесін талдап, миссия барлық үміткер жоғары білімі мен мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда еңбек тәжірибесі бар лайықты адамдар деген қорытындыға келді. Оларда мемлекеттің жоғары лауазымына ұсынылатын кандидаттарда болуы қажет қасиеттер бар», - деді Сергей Лебедев ОСК-де өткен брифингте.

Оның айутынша, ТМД-дан келген бақылаушылар кандидаттардың сайлауалды бағдарламасын талдап, барлық үміткер өздерінің бағдарламалық құжаттарында бірінші кезекте сайлаушылардың мүддесін ескеруге тырысты деген қорытынды жасаған.

Олардың басты мақсаты мен міндеті және бағдарламалық құжаттарында бірінші кезекте Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсарту, Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету болды, - деді ол.

Айтуынша, бақылаушылар Қазақстандағы мыңнан аса сайлау учаскесінде болған.

«Біз облыстардағы, қалалардағы мыңнан аса учаскеге бардық. Сайлау тыныш өтті әрі тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Бұл – өте маңызды. Кандидаттардың позициясына тоқталайын. Қара пиар болмағанына көңілім толды. Олар өз бағдарламаларын ұсынып, оны сайлаушыларға түсіндіруге баса назар аударды. Үміткерлер бәсекелестерінің бағдарламаларына қатысты кейбір теріс, сыни пікір білдіруден аулақ болды. Бұл сайлаудың тыныш өтуіне ықпал етті. Бізді бұл жағдай қуантты. Өйткені тәжірибемізде кейбір үміткерлер өздерінің қарсыластарын сынауға, кейде лас әдістерді (басқа елдерде) қолданған кездер болған. Қазақстанда мұндай жағдай болған жоқ. Сайлау таза және ашық өтті», - деді Сергей Лебедев.

Ол сайлауда заңбұзушылықтар болмағанын, тек техникалық ақаудың болғанын жеткізді.

«Сайлау учаскелерінде достық атмосферасы орнады, көптеген қазақстандықтың отбасыларымен, балаларымен мерекелік көңіл-күй болды. Бұл да жағымды әсер тудырды. Біз ұзын-сонар кезектің болғанын байқаған жоқпыз. Кейде адамдар көп болды. Үміткерлерді нақты тіркеді. Кейбір учаскелерде сайлаушылар учаскені шатастырды. Себебі сайлау учаскесі бір ғимаратта болғанымен кіреберіс әртүрлі жерде болды. Біз бұдан заңбұзушылықты көрмейміз. Бұл – техникалық ақаулар. Бұған сайлаушылардың өздері де кінәлі, олар сайлау учаскелерінің қайда екенін білмеген», - деді ТМД бақылаушылар миссиясының басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама