×

Шахтадағы апат: 5 адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Газ шыққан кезде шахтада 106 адам болған

 Динара Амантай 03.11.2022 | 10:15
Фото: azattyq-ruhy.kz

Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада 5 адамның қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Ленин атындағы шахтасында газды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газдың шығуы салдарынан 4 жұмысшының қайтыс болғаны туралы хабарланған болатын.

Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, газ шыққан кезде шахтада 106 адам болған. 101 кенші жер бетіне көтерілген. Ал көтеру құрылғысының жұмысын қамтамасыз ету үшін 5 адам қалды.

Оқиға орнында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімі, компания басшылығы, апаттық-құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.

Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аттанды. Онда ол құрылған комиссияны басқаратын болады.

ТЖМ баспасөз хатшысы Руслан Иманқұловтың мәліметінше, бесінші жұмысшының мәйіті бүгін 9:09-да табылған.

Сондай-ақ  АМТ көмір департаментінің директоры Арман Қалықов қаза тапқан жұмысшылардың туыстары мен жақындарынан кешірім сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама