×

Ислам елдерімен сауда байланысы күшеймек

Жиында халал индустриясы, техникалық реттеу мәселелері талқыланады

 Дәурен Ерболат 28.10.2022 | 10:49
Фото: СИМ

Алматыда Ислам елдерінің стандарттары мен метрологиясы институтының (SMIIC) отырысы басталды деп хабарлады СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің баспасөз қызметі.

Жиынға 35 елден делегаттар қатысып жатыр. СИМ Техникалық реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қайсар Шалабаев кеңестің бүгінгі отырысы саудадағы техникалық кедергілерді жоюға, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерге экспортты ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстанның бұл ұйымға қатысу мақсаты – ислам әлемінің кәсіпкерлерімен жұмыс істеу кезінде отандық өндірушілер үшін сауда кедергілерін азайту. Мысалы, биыл мамырда СИМ ТРМК «ҚазСтандарт» ұйымы халал өнімдерін сертификаттау үшін БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан аккредитациядан өтті. Бұл қадамдар еліміздің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді, - деді Шалабаев.

Сондай-ақ метрологиялық кеңестің отырысымен қатар Орталық Азия өңірі үшін халал аудиторлар тренингі өтіп жатыр.

Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанынан құрылған Ислам елдерінің стандарттар және метрология институты (SMIIC) мүше мемлекеттермен ынтымақтастықта OIC/SMIIC стандарттарын әзірлеумен айналысады.

Ұйым 1999 жылғы 7 қарашада құрылды. Оған 42 мемлекет мүше. Бүгінде SMIIC-те әртүрлі сала бойынша 18 техникалық комитет бар. Олар 35 стандарт әзірлеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама