×

«Сот күдіктіні ақтауға қорықты»: Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты іс қайта тергеледі

Маңғыстаулық сарбаз 22 сәуірде Жамбыл облысында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды

 Айгерім Таубай 10.10.2022 | 13:33
Halyq Uni/ 23 тамызда өткен сот отырысында түсірілді

Алматы гарнизоны әскери соты Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында қайтыс болған сарбаз Әлібек Қалбайдың қазасына байланысты істі қайта тергеу туралы қаулы шығарды. Бұл туралы іс бойынша күдікті – сарбаз Айболат Аманжоловтың адвокаты Сержан Пралиев Halyq Uni тілшісіне мәлімдеді.

Сондай-ақ адвокат бұған дейін 15 сот отырысы өткенін, 60-тан аса адам куәгер ретінде қатысқанын айтты. Оның сөзінше, іс бойынша жалғыз куәгер бар.

«Марқұмның туыстары қолдады, ол тарап та істі қайта тергеуге жіберуге өтініш берді. Әлібек Қалбайдың туыстары да, айыпталушы тарап та тергеудің шикі болғанын айтып отыр. Бір ғана Курочкин деген куәгер бар. Бір ротаның взводында 41 адам бар. Сол күні бір-ақ адам көрген. Қалған 38 адам не істеп жүрген? Сотта сол 38 адамның 31-і сұралды. Біреуі де көрмеген. (...) Курочкин Айболат Аманжоловтың (күдікті – Halyq Uni) 6-7 соққы жасағанын көргенін айтады», - дейді Сержан Пралиев.

Айтуынша, Курочкин бастапқыда іс бойынша ештеңе білмейтінін айтқан. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс бойынша кінәліні табуды тапсырғаннан кейін ғана оқиғаны көргенін мәлімдеген. Содан кейін Айболат Аманжолов қамауға алынған.

ТУЫСТАРЫ ҚАЙТА САРАПТАМА ЖАСАТТЫ

Айта кетейік, бұған дейін марқұмның туыстарының мәйітке қайта сараптама жасатқаны хабарланды.

Адвокаттың айтуынша, сараптама қорытындысы шықты. Сараптама марқұм Әлібек Қалбайдың 18 жарақат алғанын анықтаған.

«Бірінші сараптаманы Қордайда жасады. Қорытындысы 29 сәуірде шықты. Сараптама адамның соққы алғаннан кейін неше сағатта қайтыс болғанын көрсетуі керек. Сараптамада бастапқыда 6 сағаттан кейін қайтыс болды деген. Кейіннен оны 12, 24 сағат деп өзгерткен. Сарапшының айтуынша, 21 сәуір сағат кешкі алты жарымда жүрегінен соққы алған. 22 сәуірде госпитальда сағат он жарымда қайтыс болған. Сонда 14 сағат жүрген. Ал біздің сарапшының айтуынша, жүрегіне соққы тиген адам сол кезде, көп болса 1-2 сағатта қайтыс болады. 14 сағат қалай жүрген? Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмай отыр», - дейді Сержан Пралиев.

Қордайда шыққан сараптама қорытындысына сәйкес, Әлібек Қалбай жүрегі және екі өкпесіне соққы тигеннен қайтыс болған.

«Өзіміз сараптама жүргіздік. Сарапшылар 18 жерінен жарақат алғанын анықтады. Қабырғасы қанталаған... екі өкпесі, жүрегі, бүйрегі, бұғанасы... 6-7 соққы болса, дәл сондай жарақат анықталуы керек еді ғой», - дейді Пралиев.

«ТЕРГЕУШІЛЕРДІ АУЫСТЫРУ КЕРЕК»

Айыпталушы тараптын адвокаты Сержан Пралиевтің айтуынша, 6 қазанда жарыссөз өтуі керек болған.

«Сот күдіктіні ақтауға қорықты. Істі қайта тергеуге жіберді. 15 сот отырысы өтті, 60 адамнан жауап алынды. Бірге әскерге барған 31 адам бір күнде келіп жауап берді. Сот баланы (күдікті – Halyq Uni) жібермей қойды. 6 қазанда жарыссөз болуы керек еді. Ол болған жоқ. Істі тергеуге қайтарып жатыр. Сот қаулысына сәйкес, осы іс бойынша басқа кінәлі адамды тауып, соны жазалау керек. Аманжолов әлі қамауда отыр. Мен де босату керек деп шағым беремін», - дейді Пралиев.

Айтуынша, күдікті қамаудан босағаннан кейін әскери борышын өтегісі келеді.

«Тергеу жүре берсін. Аманжоловты қайта әскерге жіберу туралы шағым түсірдім. Ол ант қабылдап үлгермеген. 18 жастағы бала. 6-7 соққыдан адам өлтіретін бала емес. Әскери борышын өтеймін деп отыр. Аманжолов қалған 6 айда әскерге барамын деп отыр. Қолбасшының қарамағында жүріп әскери борышын өтеу туралы бұлтартпау шарасын таңдауды сұрап отырмыз», - дейді Сержан Пралиев.

Адвокат іс бойынша тергеушілерді де ауыстыруды сұрайды.

ӘЛІБЕК ҚАЛБАЙДЫҢ ӨЛІМІ

Маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды. Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.

Бұл оқиғаға байланысты Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев марқұмның денесінде жарақат ізі жоқ екенін мәлімдеді.

«Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы бойынша, сондай-ақ мәйітке сот-медициналық сараптауды жүргізген кезде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн», – деді ол.

Оның айтуынша, егер қандай да бір заңға қайшы әрекеттер расталса, онда кінәлі адамдар ғана емес, сонымен қатар осы жағдайға жол берген командирлер де жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды.

Оның өліміне қатысты күдікті деп танылған 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.

Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі бойынша («Адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») іс қозғалған.

Екі сарбаз да әскерге 13 сәуірде шақырылған және олар әскери ант қабылдап та үлгермеген. Әскери бөлімге 18 сәуір күні жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама