×

Талдықорған әкімдігі әрқайсы 600 мың теңге тұратын қоқыс контейнерлерін кәдеге жарата алмай отыр

Қалада 270 қоқыс контейнері орнатылған, оған бюджеттен 193,2 миллион теңге жұмсалған

 Халық үні 26.07.2022 | 09:49
Halyq Uni / Shynargul Onashbay

Талдықорған қаласында 2018 жылы тұрғын үй аулаларына жартылай жердің астында тұратын үлкен қоқыс жәшіктері орнатылды. Оның артықшылығы – тұрмыстық қалдықтарды екі бөліп жинауға мүмкіндік береді және иіс шығармайды.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 2017-2018 жылғы бюджеттен қоқыс жәшігін орнату үшін 459 миллион теңге бөлінген. Оның 265,8 миллионы 7 арнайы техника алуға жұмсалса, 193,2 миллион теңгеге 270 қоқыс контейнері сатып алынған. Олар 135 алаңға орнатылды. Ақша уақытында толық игерілген. Алайда бұл қоқыс контейнерлерінің жартысы қазір қолданылмай тұр.

Талдықорған қаласының әр екінші ауласында тұрған бұл контейнердің айналасына шөп қаулас өсіп кеткен, қақпағы жабық тұр. Төрт жыл бұрын бұл контейнердің әрқайсын жергілікті билік 600 мың теңгеден сатып алған. Halyq Uni тілшісі бұл қоқыс жәшігінің не себепті қажетке жарамай тұрғанын анықтап көрді.

Талдықорған тұрғыны Жұмағали Құсайыновтың айтуынша, жергілікті билік мұндай жаңашылдықты қалада қолдануға келетінін анықтап барып енгізуі керек еді. Оның сөзінше, мұндай қоқыс жәшігін қою – бюджет қаражатын оңды-солды шашу.

Cебебі бұл қоқыс контейнерлеріндегі тұрмыстық қалдықтарды шығара алатын техника өте қымбат тұрады.

«Бұл бастама аяғына жеткен жоқ, бюджет ақшасы бос кетті», - дейді тұрғын.

25 жастағы талдықорғандық Нұршуақ Досбосын бұл контейнерлер тұрғындар үшін қолайлы деп санайды. Оның айтуынша, аузы ашық тұратын қоқыс жәшіктері ауаға улы газды бөледі, астынан сөл ағып, шіріп жатады.

Жердің астына қарай төгілетін қоқыстың дәл солай улы газ бөлмейтіні анық. Сондықтан өзім тұратын қаланың әдемі әрі таза болғанын қалайтын азамат ретінде жерасты контейнерлерін қолдануды жөн көремін, - дейді ол.

Талдықорғанда осы қоқыс контейнерлері орнатыла бастағанда істің басы-қасында жүрген «Талдықорған қаласы тұрғын үй қызметі» ЖШС директоры Мәрлен Қалықов бұл контейнерлерді халық пайдаланғысы келмейтінін айтады.

«Қазір қала бойынша 100 алаң бар, біз оның 55-іне қызмет көрсетеміз. Қалғандары жұмыс істемей тұр. Өйткені халық түсінбей жатыр, бұл қоқыс контейнерлерін пайдаланғысы келмейді. Себебі ол жазда сасиды. Тамақ қалдығын, қарбыз тастайды, суы ағып, иісі шығады», - дейді Мәрлен Қалықов.

Талдықорған қаласының Тұрғын-үй коммуналдық-шаруашылығы бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиевтің айтуынша, қоқыс шығаратын компаниялар бұл контейнерлердегі қоқысты төккісі келмейді деген уәж айтты.

Иісі шығады, дорбасы шіриді, ұзақ уақытқа шыдамайды. Сол себепті пәтер иелері кооперативтері келісімшартқа отырмайды. Қала бойынша 12 қоқыс шығаратын жекеменшік компания жұмыс істейді. Оларға біздің билігіміз жүрмейді. Үйдің тұрғындары қай компанияны таңдайды, солармен жұмыс істейді. Біз оларға әсер ете алмаймыз. Олар тендер алмайды, мемлекеттен қаржыландырылмайды, - дейді ол.

Бұл қызметке бір ай бұрын кіріскен Мақсұт Нұрғалиев неге шешім жан-жақты сараланбағанын анықтауға уақыт керек дейді.

Ал осы салада қызмет ететін Нұрлан Срайыловтың айтуынша, бұл мәселеге толығымен жергілікті әкімдік жауапты. 

«Талдықорғандағы тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинайтын  жерасты контейнерлерінің қазіргі жағдайына сала мамандарының салғырт-салақтығы себеп болды. Әкімшілік қоқысты сұрыптап жинайтын контейнер қойып, бірақ екі түрлі техникамен сұрыптап шығармаған. Яғни, сулы қалдық пен құрғақ қалдықты қосып шығара берген. Ол үшін арнайы нормативтік құжат жасалып, қоқысты шығаратын компанияларға берілуі керек. Әкімшілік соны ұйымдастыра алмаған. Мұндай жағдайда, әрине, халық та тұрмыстық қалдықты екі бөліп сұрыптауға құлықты болмайды», - дейді ол.

Оның сөзінше, халыққа үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Халықты бірінші психологиялық тұрғыда дайындау керек, содан кейін физикалық тұрғыдан дайын болады.

Тариф мәселесіне келетін болсақ, тарифті бірден көтере алмаймыз. Ол үшін алғашқы екі жылда әкімшілік өзі субсидиялауы керек. Кейін тарифті ақырындап көтеруге болады. Сонымен қатар айыппұл салу шараларын қолдану керек, - дейді Нұрлан Срайылов.

Маман халықтың қалтасына салмақ салған кезде ғана жауапкершілік сезінеді деген пікірде.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама