×

Бітімгерлік миссияда қаза тапқан әскеридің отбасына 77 мың доллар беріледі

Таяу Шығысқа баратын әскерилердің арасында әйелдер де бар

 Дәурен Ерболат 19.01.2024 | 12:57
фото: Halyq Uni

Бітімгерлік миссиясы барысында көз жұмған әскеридің отбасына БҰҰ 77 мың доллар (34 млн 795 мың теңге) береді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Олжас Құсайынов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан әскері Голан биіктігінде (Израль мен Сирия шекарасы) бітімгерлік миссиясын орындайды. Ротада 139 адам болады. Қазақстан әскерінде 15 бронды көлік, 6 арнайы көлік, 4 КамАЗ, 1 микроавтобус бар. Техника БҰҰ ұсынысы негізінде іріктеліп алынды, - деді Олжас Құсайынов Парламенттің бірлескен отырысынан соң.

БҰҰ бітімгерлік миссиясы барысында қазақстандық әскери көз жұмса, оған мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Заңға сәйкес, қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына 60 айлық жалақы көлемінде ақша беріледі. Ал Біріккен Ұлттар ұйымы 77 мың доллар (34 млн 795 мың теңге) береді. Сарбаз мүгедек болып қалса, жарақат алса, онда тиісті комиссия құрылады. Олар қандай көмек беру керектігін анықтайды, - деді басқарма басшысы.

Олжас Құсайынов Таяу Шығысқа баратын әскерилердің арасында әйелдер де бар екенін айтты.

«Голан биіктігіне баратын 139 әскери қызметшінің арасында 7 әйел бар», - деді ол.

Оның сөзін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов толықтырды.

Олардың ішінде әскери медиктер, аудармашылар мен техникалық қызметкерлер бар. Әскерде «қыздар» деген ұғым жоқ. Онда әскери қызметтегі әйел деген түсінік бар. Олар да әскери қызметкерлердің міндетін атқарады, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін қазақ әскерінің Оңтүстік Судан мен Таяу Шығысқа баратыны хабарланған еді. Сондай-ақ бұл миссияға қанша қаржы жұмсалатыны айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама