×

Қазақ әскері Оңтүстік Судан мен Таяу Шығысқа барады

Парламент тиісті қаулыны қабылдады

 Дәурен Ерболат 19.01.2024 | 10:30
фото: basnews.kz

Парламенттің бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы аясында Қазақстан әскерін Оңтүстік Судан мен Таяу шығысқа жіберуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол мемлекет басшысының атынан сөйледі. 

Қазақстан президенті атынан Қазақстан әскери қызметшілерін Біріккен Ұлттан ұйымының бітімгерлік миссиясына жіберу туралы баяндаймын. Бітімгерлік қызметті қолдау және жанжалды реттеу үнемі әлемдік қоғамдастықтың назарында болатынын атап өту маңызды. Контингентті БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына (операцияларына) жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді.

Бітімгерлік миссияларын қысқарту аясында бітімгерлік әскери контингентті жеткізуші елдер арасында бәсекелестік артуда. БҰҰ-ның бітімгерлік қызметі шеңберінде Қазақстанның позициясын бекіту мақсатында БҰҰ Жарғысының VII тарауы аясында («Бейбітшілікке төнетін қатерге, бейбітшілікті және агрессия актілерін бұзуға қатысты іс-қимыл») Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Судан Республикасындағы және Абьейдегі бітімгерлік миссияларына қатысу географиясын біртіндеп кеңейтуді орынды деп санаймын және жалғастыруды ұсынамын», - деді министр бірлескен отырыста.

Руслан Жақсылықовтың айтуынша, геосаяси шиеленістің өршуі жағдайында өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Олардың бір бөлігі әскери әдістермен ден қоюды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік даярлығын одан әрі нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы іс-қимыл жасауда практикалық тәжірибе игеру мәселесі аса өзекті. 

БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстанның Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын, бітімгерлік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның Қарулы Күштері әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ БҰҰ миссияларында барынша сұранысқа ие болып отырған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік мамандандырылған бөлімшелерді бөлуге дайын. «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері» миссиясына резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес ұлттық бітімгерлік контингентті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберуді ерекше атап өту қажет.

Өрістетуді 2024 жылғы наурыздан бастап жүргізу жоспарланып отыр. Ол үшін БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт (ратификациялануға тиіс) жасалады. Контингентті және мүлікті тасымалдау Қазақстан тарапының есебінен іске асырылады. Өрістету мерзімі белгіленген нақты бөлімшелер мен операциялар БҰҰ-ның хатшылығымен жұмыс барысында айқындалатын болады. Әрбір жеке өрістету (бітімгерлік операциясы) үшін тиісті нормативтік-құқықтық база (меморандум) әзірленеді», - деді министр.

Ол осының негізінде Конституцияның 53-бабы 5-тармақшасына сәйкес, БҰҰ-ның төмендегі миссияларына Қазақстан әскерін жіберуді ұсынды:

  • «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне» (UNDOF, Сирия – Израиль);
  • «БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына» (UNTSO, Палестина – Израиль);
  • «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына» (UNMISS, Оңтүстік Судан);
  • «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне» (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгерлік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама