×

Қазақ әскерінің Таяу Шығысқа аттануына қанша қаржы жұмсалатыны айтылды

Қосымша қаржы қару-жарақтарды, оқ-дәрілер мен техниканы тасымалдауға есептелген

 Дәурен Ерболат 19.01.2024 | 10:58
фото: Halyq Uni

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Таяу Шығыс пен Оңтүстік Суданға Қазақстан әскерін жіберу үшін қанша қаржы жұмсалатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, дербес бітімгерлік миссиясының берілуі Қазақстанның әлемдегі беделін көрсетеді. 

Бұл алғаш рет Голан биіктігінде (Сирия мен Израильдің шекарасы) іске асатын дербес бітімгерлік миссия болмақ. Ротаның құрамына 139 әскери қызметші кіреді. Оның ішінде әскерге шақырылған сарбаздар жоқ. Тек кәсіби әскерилер мен келісімшарттағы офицерлер. Олардың барлығы толық дайындықтан өткен. Халықаралық заңнама бойынша барлық бітімгерлік қызмет БҰҰ-ның тәртібі бойынша базаланады, - деді Руслан Жақсылықов Парламенттің бірлескен отырысынан соң.

Министр Қазақстан әскерін халықаралық комиссия тексеріп, рұқсат бергенін атап өтті. 

Олар дайындықты өте жоғары бағалады. Бітімгерлікке іріктелген әскерилер жоғары моральдық-іскерлік қасиеті бойынша таңдалды. Мұнда денсаулық жағдайы, әскери тәртіп, әскери қызметші ретінде жеке дайындығы, тілді білу дәрежесі де кіреді, - деді ведомсто басшысы.

Руслан Жақсылықов бітімгерлік қызмет бір жылға созылатынын жеткізді. 

 «Биыл наурызда әскерилер бітімгерлік миссияға аттанады. Әрбір әскери қызметшіге бітімгерлік миссияға қатысқаны үшін 1 мың доллар (451 мың 871 теңге) төленеді», - деді Руслан Жақсылықов.

Сондай-ақ ол Таяу Шығыс пен Оңтүстік Суданға әскери техниканы жеткізуге қомақта қаржы қарастырылғанын айтты.

Барлық қаржы бюджетте қарастырылған. Қосымша қаржы қару-жарақтарды, оқ-дәрілер мен техниканы тасымалдауға есептелген. Бұл – шамамен 8 млн доллар (3 млрд 614 млн 968 мың теңге), - деді министр.

Бұған дейін қазақ әскерінің Оңтүстік Судан мен Таяу Шығысқа баратыны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама