×

Елімізде темекі 350 теңгеге дейін қымбаттайтын болды

Бұған қоса тәтті сусындардың да бағасы артуы мүмкін

 Динара Амантай 19.05.2022 | 13:42
Фото: Sputnik / Руслан Кривобок

Қазақстанда алдағы жылдары акциздердің көтерілуіне орай темекі бағасы өседі. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Бүгін Сенатта Қаржы министрі темекіге және құрамында қанты бар сусындарға акциздер енгізуге байланысты тілшілердің сұрағына жауап берді.

2024 жылға дейін темекіге акциз мөлшерлемесін 35 еуроға көтеруді жоспарлап отырмыз. Яғни, мың дана темекіге шамамен 16 мың теңге болады. Бұл ретте есептеп көрсек, бір қорап темекі үшін 300-350 теңге шығады, – деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бөлек ол құрамында қанты бар сусындарға қатысты Үкімет деңгейінде талқылау жүріп жатқанын айтты.

«Осы орайда талқылаулар қорытындысы бойынша тиісті мәліметті жариялап, Парламентке келеміз. Біз үшін тиісті теңгерімді сақтау керек, яғни ұлт денсаулығы басты мәселе болып саналады. Сонымен қатар, кәсіпорындар да зардап шекпеуі керек, бұл кәсіппен шағын және орта бизнес айналысады. Сондықтан осының барлығын егжей-тегжейлі пысықтаймыз», – деп мәлімеді Қаржы министрі.

Еске сала кетсек, темекі бағасы бойынша келісім ратификацияланған және 2024 жылға қарай мың дана темекіге акциз теңгелік мәнде 35 евроға дейін артады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама