×

Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары алаяқтығы үшін тергеліп жатыр

Мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірілді

 Динара Амантай 24.10.2023 | 10:20
Фото: ustinka.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті алаяқтық фактісі бойынша Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшыларына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агенттіктің мәліметінше, олар алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, аса ірі көлемде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікке ілінген. Тергеу барысында ЖЭО жабдықтарының тозуы және жылу энергиясын берудегі бірнеше рет істен шығуына жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі түрде ұрлануы себеп болғаны анықталды.

2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісімшарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Тергеу барысында қабылданған шаралар мен премьер-министрдің төрағалығымен Үкіметті демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беруден келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті. Оның құны – шамамен 5,5 млрд теңге.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама