×

«Астана такси» ескірді: Әкімдік енді электромобиль сатып алмақ

Әкімдік 30 электрокөлік алайын деп отыр

 Айнұр Шошаева 21.06.2023 | 09:25
Коллаж: Halyq Uni

Астана қаласының әкімдігінің қызметкерлері биылдан бастап электр қозғалтқышты көлікке отыруы мүмкін. Қазір тиісті жоба әзірленіп жатыр, жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісіміне қол қою жоспарланған, деп хабарлайды Halyq Uni

Елордада әкімдікке көліктік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы іске асырылып келеді. Жоба 2018 жылы басталған, биыл тамыз айында мерзімі аяқталады. Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың мәліметінше, аталған жоба аясында 2 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген.  

«Бірақ бүгінгі күні бірқатар өзекті мәселелер бар, ол ауа-райының қолайсыздығына байланысты және қарбалас уақытта автокөлік жеткізудің кешіктірілуі. Әріптестеріміз сондай көптеген жағдайдың болғанын хабарлады. Сондай-ақ автосалон жағдайының нашарлығы, қызмет көрсетудің төмен деңгейі, ескірген автокөлік тұрақтары, электрондық төлем терминалдарының болмауы. «Астана такси» тек қана әкімшілікке емес, туристерге және басқа үлкен мекемелерге қызмет көрсетіп тұрады. Біз оны түсінеміз. Бірақ біздің таксилер қаламызды туристердің алдында көп ұятқа қалдырып жатыр», – деді ол мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру нәтижелері талқыланған жария тыңдауда.  

Басқарма басшысы аталған жобаға инновация енгізіп, тиісті инфрақұрылым құруды ұсынды.  

Бұл электр қозғалғыштарына ауысып, бензинмен жүретін машиналардың санын азайту керек деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта жаңа жобаға қатысуға бірқатар компаниялар ниет білдіріп отыр. Біздің ойымызша, осы жылдан бастап 30 электромобиль алу керек. Басында жыл сайын бөліп, биылдан бастап 30 пайыз болса, 2028 жылға дейін 50 пайызға дейін көбейту керек. Ол ашық конкурс түрінде өтеді. Құжаттардың бәрін осы жылдың тамыз айының аяғына дейін дайындап шығамыз. Конкурстық процедуралар екі айдай уақыт алады. Осы жылдың аяғына дейін біз жаңа жекеменшік келісім шартқа отырамыз деп сенімдіміз, – деп қосты Халел Әкімжанов.  

Мәслихат депутаты Владислав Сергеев электромобильді қозғалысқа енгізбес бұрын, алдымен оның қолданысына қажетті инфрқұрылымды дамытуды ұсынды.  

Электро қозғалтқышпен жүретін таксиге бастамашы болып отырсыздар. Бізде ондай көліктерге арналған алаңдардың жоқ екенін мойындауымыз керек. Автотұрақ бойынша жобада электротаксидің тұрағы мен қуаттауға жағдай қарастырылған ба? Жоқ, демек оның бәрі синхрондалуы керек. Егер біз Еуропа немесе басқа да дамыған елдердің тәжірибесі бойынша электромобильді дамытамыз десек, бұл мәселеге де көңіл бөлген жөн. Арнайы тұрақ орындарын жасап, адамдарды ынталандыруға тиіспіз. Себебі электромобильдің құны қарапайым көліктен бірнеше есе қымбат. Сондықтан қандай да бір артықшылықтар болуға тиіс, – деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама