×

«Қазақстан халқына» қоры өрт кезінде үш баласынан айырылған отбасына үй сыйлады

Қайғылы оқиға Қостанай облысында болған еді

 Қымбат Елтайқызы 19.04.2022 | 15:59
фото: ашық дереккөзден

«Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысындағы өрт кезінде үш баласынан айырылған отбасына үй алып берді.

31 наурызда Қостанай облысы Амангелді ауылындағы жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 2016, 2019 және 2020 жылы туған үш бала көз жұмды. Жантүршігерлік өрттен алты адамнан тұратын көпбалалы отбасы тұрған үй қатты зардап шекті. Ал қайғы жұтқан ата-ана тірі қалған жалғыз баласымен бірге туыстарының үйін паналап жүруге мәжбүр болды, – дейді қор.

Жас отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда еңбектеніп жүрген. Жергілікті әкімдік өкілдері «Қазақстан халқына» қорына зардап шеккен отбасы үшін жаңа баспана алуға көмектесу туралы өтінішпен жүгінген. Өтінішті операторлар жедел қарастырғаннан кейін қордың қамқоршылық кеңесі мен басқарма бұл жағдайға қатысты көмек көрсету жайлы шешім қабылдады. Қор баспана алу үшін 10 миллион теңге бөлді.

«Қазір отбасы жаңа үйге көшті, бірақ қайғысы әлі жандарына батады», - дейді Қостанай облысы Амангелді ауылының әкімі Гауһар Жанділдина.

Айта кету керек, тұрғын үй сатып алу бойынша қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім аяқ асты орын алған қайғылы оқиғаға байланысты бір реттік ерекше жағдай ретінде тіркеліп отыр.

«Қазақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге 495 млн теңге бөлді. Қаңтар оқиғасында қаза тапқан екі краншының жесірлеріне «Қазақстан халқына» қоры бір тиын да бермеген. «Қазақстан халқына» қоры қаңтар оқиғасында қаза тапқан 8 адамның отбасына көмек берді. «Қазақстан халқына» қоры екі науқас баланың шетелде емделуіне көмектесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама