×

«Қазақстан халқына» қоры қаңтар оқиғасында қаза тапқан 8 адамның отбасына көмек берді

Қаңтар құрбаны болған тағы 13 адамға көмек берілмек, оның ішінде ұсталған соң қаза тапқан бір азамат бар

 Айнұр Шошаева 13.04.2022 | 18:00
фото © Самат Құсайынов

«Қазақстан халқына» қоры қаңтар айында қаза тапқан бейбіт азаматтардың туыстарына қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді.

«Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасы туралы ақпарат бізге түрлі арналар арқылы келіп жатыр. Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовадан келді, Балалар құқығы жөніндегі амбудсмен Аружан Саин арқылы келіп түсті. Үшіншіден, зардап шеккен отбасылардың өздері портал арқылы берді. Біз қордың қамқоршылық кеңесі қабылдаған шешімге сәйкес әрекет етеміз. Оқиға орнына кездейсоқ келіп, қаза тапқан азаматтардың отбасына көмек көрсетеміз. Ал ол адамдардың кездейсоқ немесе әдейі барғанын біз анықтай алмаймыз. Оны сіздер де, біз де істей алмаймыз. Тек әр оқиға бойынша қылмыстық істі тергеп жатқан тергеу органдары ғана анықтайды», - деді Болат Жәмішев.

Оның айтуынша, тергеу органдары қаза тапқан азаматтардың оқиғаның кездейсоқ құрбанына айналғанын растаса, қор марқұмның туыстарына 7 млн теңгеден ақшалай көмек береді. Бүгінгі күні «Қазақстан халқына» қорынан 8 отбасыға көмек көрсетілді. Сәуір айының соңына дейін тағы 13 отбасыға материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр.

«Бізге келіп түскен азаматтардың аты-жөнін келісу үшін уәкілетті органдарға жіберемз. Біз оларды іріктеп, қандай да бір өлшемдерге қарап таңдамаймыз. Қолымызға түскен барлық адамның фамилиясын жібереміз. Қазір біз төлем жіберуді жоспарлап отырған 13 адамның ішінде ұсталған соң қаза тапқан бір азамат бар», - деп толықтырды қор төрағасы.

Қор құрылған үш айдың ішінде оған ел халқынан 126 млрд теңге қаржы түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама