×

Төребаев пен Шерниязов ісі: прокурор қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ екенін айтты

Алдын ала тыңдаудың қорытындысы 26 желтоқсанда белгілі болады

 Айгерім Таубай 23.12.2022 | 16:14
Коллаж Halyq Uni

Алматыда вайнер Мейіржан Төребаев және Мейірхан Шерниязовқа, сондай-ақ тағы 10 айыпталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау жалғасып жатыр.

Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев вайнер Мейіржан Төребаевтың қылмыстық істі қайта тергеу үшін прокуратураға қайтару туралы өтінішін қанағаттандыруға негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Себебі қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабына сәйкес, сот басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталса, сондай-ақ олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу істері бойынша немесе жасалған процестік келісімдері бар істер бойынша басты сот талқылауында анықталған кезде оларды жою үшін істі прокурорға қайтарады.

Қылмыстық іс бойынша қылмыстық-процестік кодекстің нормасын бұзуға жол берілмеді деп санаймын, - деді мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев.

Сондай-ақ Мейіржан Төребаев және Мейірхан Шерниязовқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ деп санайтынын жеткізді.

«Мейіржан Төребаевтың және оның адвокатынан түскен өтініште бұл қылмыстық іске Mudarabah capital бухгалтері Нұрпейісова мен Astex.kz ЖШС бухгалтері Нұрғалиеваны қылмыстық жауапкершілікке таруға негіз бар екені айтылған. Нұрпейісоваға қатысты сотқа дейінгі іс жүргізу барысында оның қылмыс жасағаны дәлелденбеді. Ал Нұрғалиева бұл қылмыстық істе куәгерлер қатарында бар. Сол себепті қандай да бір процессуалдық шешім қабылдауға қажеттілік жоқ», - деді мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев.

Сондай-ақ прокурор Төрбаевтың адвокатынан түскен өтінішке қатысты қарсылғы жоқ екенін айтты.

Мейіржан Төребаевтың адвокаты Мұратовтың сотталушыға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қолдаймын, - деді прокурор.

Алмас Құрманғалиев және басқа да сотталушылар 22 желтоқсанда басталған алдын ала тыңдауда қылмыстық іс бойынша сот процесін офлайн режимде өткізуді сұрады. Мемлекеттік айыптаушылар сотталушылардың бұл өтінішіне қарсы болмады.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында Алматыда Mudarabah capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша айып тағылды. Олардың ішінде вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынып, тағы бір вайнер Азимжан Саидбаев шетелге қашып кеткен.

Қылмыстық іске байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Алмас Құрманғалиевке қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағы («қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету») және 262-бабының 1-бөлігінде («ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінгенін анықтады.

Ержан Мансұров, Ерлан Мансұров, Дания Рахимова, Руслан Бұрқанов, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Самат Қасенов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағында және 262-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінген.

2022 жылдың 13 желтоқсанында сотталушы Мейіржан Төребаевтан қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы мәселесін шешу үшін алдын ала тыңдау тағайындау туралы өтініш түскен.

Алдын ала тыңдаудың қорытындысы 26 желтоқсан сағат 12:00-де белгілі болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама