×

Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ісі бойынша алдын ала тыңдау 21 желтоқсанда өтеді

Сотталушыларды қамауда ұстау 2023 жылдың 15 наурызына дейін ұзартылды

 Айгерім Таубай 19.12.2022 | 13:05
Фото: ашық дереккөз

Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 21 желтоқсанында өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісіне хабарлады.

Іс бойынша алдын ала тыңдау 2022 жылдың 21 желтоқсаны сағат 15:00-де басталады.

Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова қарайды. Мемлекеттік айыптаушылар – Құланбаев және Сансызбай.

Соттың ақпаратына сәйкес, іс бойынша 12 сотталушы бар.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Алмас Құрманғалиевке қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағы («қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету») және 262-бабының 1-бөлігінде («ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінгенін анықтады.

Ержан Мансұров, Ерлан Мансұров, Дания Рахимова, Руслан Бұрқанов, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Самат Қасенов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағында және 262-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінген.

2022 жылдың 13 желтоқсанында сотталушы Мейіржан Төребаевтан қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы мәселесін шешу үшін алдын ала тыңдау тағайындау туралы өтініш түскен.

Осылайша, 21 желтоқсанда Алмалы ауданы сотында қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтеді.

Сотталушыларға қатысты қабылданған бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

Сондай-ақ сотталушыларды қамауда ұстау 2023 жылдың 15 наурызына дейін ұзартылды.

Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында Алматыда Mudarabah capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша айып тағылды. Олардың ішінде вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынып, тағы бір вайнер Азимжан Саидбаев шетелге қашып кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама