×

Ұлттық құраманың ойыншылары үндеу жолдады (ВИДЕО)

Еліміздің атын бірге шығарамыз, - деді футболшылар

 Дастан Жұмабекұлы 20.11.2023 | 17:44
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

20 қарашадан 21 қарашаға қараған түні Любляна қаласында Астана уақытымен сағат 01:45-те 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионаты турнирінің аясында Словения мен Қазақстан ұлттық құрама командаларының матчы басталады. Бұл ойында Еурододаға жолдама беріледі. 

Қазір ұлттық құрама Н тобының соңғы тур алдындағы турнир кестесінде 18 ұпаймен үшінші орынға жайғасса, Словения құрамасы 19 ұпаймен екінші орында тұр. Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін Қазақстан құрамасына тек жеңіс қажет. Ал словениялықтарға тең ойын да жетеді.

Осыған байланысты Словения құрамасымен матч алдында ұлттық құраманың ойыншылары елге үндеу жолдады. Құраманың футболшылары мемлекеттік тілде бір ауыз сөзбен «Біз бұл жолды бірге бастадық», «Бірге стадионға барамыз», «Құрама түстерін бірге қорғаймыз», «Еліміздің атын бірге шығарамыз», «Бірігіп, бар күшімізді саламыз», «Бірге қуанамыз», «Барша жұртты бірге таңқалдырамыз», «Сіздерсіз ешбір жеңіс болмас еді», «Бірге біз Қазақстан құрамасымыз» деген сөздерін айтып, өздеріне қолдау көрсетіп жатқан халықтың алдына шықты.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та ұлттық құраманың маңызды матчы алдында футболшыларға қолдау білдіріп, үндеу жасады.

Біздің жігіттерді сырт алаңдағы шешуші матч күтіп тұр. Ұлттық құраманың кейінгі жылдардағы ойыны жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін ұялатты. Ел тұрғындары аяқдоп шеберлерінің ойынын тамашалау үшін стадиондарға ағыла бастады. Бұл – спортты насихаттау жолындағы тамаша жетістік. Миллиондаған қазақстандықтың арманының орындалуына бір ғана қадам қалды. Жігіттер, сіздер үлкен тарих жасап жатсыздар! Бүгінгі кездесудің нәтижесі қандай болса да, сіздер ел намысы үшін бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, алаңның әр бұрышындағы доп үшін таласта аянып қалмайтындарыңызға сенімдіміз. Матч Словенияда өтсе де, бүгін бүкіл қазақ елі бір жұдырықтай жұмылып, теледидар арқылы сіздерге жанкүйер болып, қолдау білдіреді. Сәттілік, жігіттер! Сіздердің қолдарыңыздан бәрі келеді! — деді Ермек Маржықпаев.

Словения – Қазақстан матчы қарашаның 20-сынан 21-іне қараған түні Любляна қаласында өтеді. Матч Астана уақытымен сағат 01:45-те басталады. Ойын Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама