×

Халықты Еуропа чемпионатына жолдама алып, қуантамыз – Магомед Адиев (ВИДЕО)

Матч қарашаның 20-сынан 21-не қараған түні Астана уақытымен сағат 01:45-те Qazaqstan мен Qazsport телеарналарынан көрсетіледі

 Дастан Жұмабекұлы 20.11.2023 | 11:25
Фото: kff.kz/ Қазақстан футбол федерациясы

Қарашаның 20-сынан 21-іне қараған түні Любляна қаласында футболдан 2024 жылы өтетін Еуропа чемпионаты турнирінің аясында Словения мен Қазақстан ұлттық құрама командалары кездеседі. Бұл матчта Еурододаға жолдама беріледі. Н тобында Дания құрамасы өз алаңында Словения жасағын 2:1 есебімен жеңіп, бір тур бұрын Еуропа чемпионатына жолдама алып қойды.

Қазір турнир кестесінде дат футболшылары 22 ұпаймен бірінші орында тұр. Екінші орынға Словения құрамасы орналасып отыр. Бұл елдің командасында 19 ұпай бар. Ал Қазақстан құрамасы Сан-Марино жасағын жеңгеннен кейін 18 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Енді Қазақстан мен Словенияға EURO-2024 додасына тікелей жолдама алу үшін тек қана жеңіс керек. Сондықтан бұл матч қос құрамаға да маңызды.

Осыдан екі күн бұрын ұлттық құрама Любляна қаласына барып, матчқа дайындықты бастап кетті. Кеше командалар БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізіп, ойын алдындағы соңғы жаттығу жасады.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев кездесуде Еуропа чемпионатына жолдама алып, қазақ халқын қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз деді.

Біз Словениямен матчқа үлкен үмітпен келдік. Ертең мықты қарсыласпен ойнаймыз. Біз іріктеу турнирінде кез келген ұлттық құрамамен иық теңестіріп ойнай алатынымызды көрсеттік, көрсетіп те келеміз. Сондықтан ертең Еуропа чемпионатына жолдама алып, қазақ халқын қуанту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Біз матчқа тек ұпай жинау үшін дайындаламыз, – деді ол.

Оның айтуынша, Словения құрамасы да ойынға жақсы дайындалып жатқанға ұқсайды. Оларға тең ойын да жетеді. Бірақ қарсылас команда тең ойынды қанағат тұтпай, жеңу үшін барын салады.

Жаттықтырушы айтқандай, осыған дейін біз жұмыдырықша жұмылған ұжым ретінде ойнадық. Біз ұжым ретінде мықтымыз. Сондықтан ертең алаңға қай ойыншы шықса да барын салып, жанын беріп, соңына дейін ойнап, ойын өрнегін көрсетеді деп ойлаймын. Біз үшін ертеңгі матчта кім ойнаса да мақсатымыз өзгермейді. Біз үшін ең басты мақсат – Еуропа чемпионатына жоладма алу. Сол үшін әр ойыншы өзін жақсы жағынан көрсетеді деп сенеміз. Жаттықтырушылар штабы ойын алдында ақыл-кеңестерін айтып жатыр. Словениямен матчқа жақсы дайындықпен шығамыз, – деді бас жаттықтырушыдан кейін сөз алған ұлттық құраманың қорғаушысы Бағдат Қайыров.

Кездесуде ұлттық құарамның жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев ертеңгі ойында жан алысып, жан берісіп ойнайтынын атап өтті.

Біз осы кезге дейін бар күш-жігерімізді салып ойнап келдік. Енді ертең де жан алысып, жан берісіп ойнаймыз. Асхат Тағыберген, Бақтиер Зайнутдинов, Бағдат Қайыров, Михаил Габышевтің алаңға шыға алмайтынын білесіздер. Сондықтан оларға тек тез жазылып кетуін тілеймін. Ал ертеңгі матчта, Құдай қаласа, жанымызды беріп ойнаймыз. Құдайдың қалауымен біз Еуропа чемпионатына жолдама алу үшін келдік. Сондықтан Словениямен ойын аса қызықты және тартысты болады деп ойлаймын. Ертең, Құдай қаласа, жақсы хабарға қуанып, киім ауыстыратын бөлмеге кіреміз. Қазақ елін қуантамыз, – деді ол.

Осыдан кейін бас жаттықтырушы тағы сөз алып, Словения командасы туралы ойын жасырмады.

Қарсыластар туралы айтсам, жасыратыны жоқ, олардың бізден бір ерекшелігі бар. Словенияда мықты ойыншылар жеткілікті. Олар Еуропаның мықты деген чемпионаттарында ойнайды. Көптеген үлкен турнирлерге қатысқан. Ал бізде рух бар, мінез бар. Жұдырықтай жұмылған командамыз бар. Біз осы кезге дейін ұпай жинау үшін ойнадық. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ертеңгі ойынға да жақсы дайындалып шығамыз. Ал нәтижесі матчтан кейін белгілі болады, – деді ол.

Бас жаттықтырушы Қазақстан құрамасының сырт алаңдағы және өз алаңындағы ойындарының ерекшелігі туралы да пікір білдірді.

Білесіздер ме, бұл психолигияға байланысты шығар. Мен өз басым солай ойлаймын. Оны «Астана Аренадағы» Сан-Мариномен матч та көрсетті. Егер футболшы ұлттық құрамада көп ойнамай, құраманың жейдесінде алаңға шықса, бұл да кәдімгідей психологиялық салмақ салады. Сол себепті ойыншыға құраманың жейдесінде өзін суда жүзген балықтай сезіну үшін белгілі бір уақыт керек. Ал Словениямен матчта алаңға жаңа ойыншылар шығады. Словения да Даниямен матчқа біраз футболшысын шығармай, бізбен ойынға сақтаған. Сондықтан бізге психолигиялық жағынан да оңай болмайды. Жалпы, «жеңу керек, жеңу керек», «міндетті түрде жеңу керек» деген сөздер ойыншыға кері әсер етеді. Ол Сан-Мариномен ойында да білінді. Футболшыға ол кәдімгідей салмақ салады. Словения туралы тағы айтсам, олар өздеріне сенімді. Кеше Словенияның құрамын көрдім. Бізді жеңетіндеріне сенімді. Бірақ біздің топтағы қарсыластың бәрі сондай болып еді. Мен басқа елдерден ұлттық құрамаға деген құрметті сөзбен емес, іспен дәлелдегім келеді. Ертең де солай болады, – деді Магомед Адиев.

Кездесуде ол Словениямен ойынға ұлттық құраманы қолдау үшін жарақат алған команда капитаны Асхат Тағыберген, Михаил Габышев келгенін, Бауыржан Исламханның да қатарға қосылатынын айтты. Ал Бақтиер Зайнутдинов, өкінішке қарай, келе алмайды. Оған «Бешикташтың» дәрігерлері ұшақпен ұшуға рұқсат бермеген.

Словения мен Қазақстан матчына Польша төрешілер бригадасы қызмет етеді.

Бас төреші болып Шимон Марчиняк тағайындалды. Оның көмекшілері Павел Сокольницки мен Адам Купсик болады. Төртінші төреші – Павел Рачковский.

Марчиняк Катардағы әлем чемпионатында 36 бас төрешілерінің бірі болып жұмыс істеді.

Ол әлем чемпионатының топтық кезеңдегі Франция мен Дания матчына (2:1), 1/8 финалдың Аргентина мен Австралия ойыны (2:1) мен финалда бас төреші болған. Ал финалда Аргентина құрамасы Франция командасын негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталғанда пенальти сериясында 4:2 есебімен жеңгені белгілі.

Тағы да еске салайық, матч қарашаның 20-сынан 21-не қараған түні Астана уақытымен сағат 01:45-те Qazaqstan мен Qazsport телеарналарынан көрсетіледі. Әзірше айтарымыз осы.

Айтқандай, бүгін Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың туған күні. Ұлттық құрама ҚФФ басшысының туған күніне Словения командасын жеңіп, Еуропа чемпионатына жолдама алсын деп тілейміз!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама