×

Дэвис кубогында күтпеген нәтиже де болуы мүмкін – команда капитаны

Қазақстан құрамасы матчқа дайындықты бастап кетті

 Дастан Жұмабекұлы 15.09.2023 | 17:40
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Дэвис кубогының плей-офф кезеңінде 16-17 қыркүйекте Софияда өтетін матчқа орай, Қазақстан және Болгария теннис құрамаларының капитандары өз ойларын ортаға салды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.

Команда капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағалау керектігін атап өтті.

Біз алдағы матчқа толықтай дайынбыз. Алдын ала келіп, корт пен осындағы жағдайға бейімделдік. Болгария құрамасы өз көшбасшысы Григор Димитровсыз ойнауы мүмкін. Соған қарамастан, құрамы күшті. Дэвис кубогы – командалық ойын. Сондықтан күтпеген нәтиже де болуы мүмкін. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап, келесі кезеңге өтуге бар күшімізді саламыз, – деді Юрий Щукин баспасөз мәслихатында.

Болгария капитаны Валентин Димов Қазақстан құрамасын бәсекенің фавориті деп есептейді.

Қазақстан мол тәжірибесімен және мықты құрамымен ерекшеленеді. Сондықтан біз оны фаворит деп санаймыз. Димитровтың жоқтығы туралы айтсақ, бәрі де күнтізбеге байланысты. Әлемдік рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік беретін жарысқа қатыспауға болмайды. Дегенмен жеребеге дейін әлі уақыт бар, нақтысы кейін белгілі болады, – деді Валентин Димов.

Бұған дейін хабарланғандай, теннистен Қазақстан ұлттық құрама командасы 16-17 қыркүйекте София қаласында Болгария командасымен өтетін Дэвис кубогының плей-офф матчына дайындықты бастады.

Қазір команда капитаны Юрий Щукиннің жетекшілігімен Александр Бублик, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов жаттығып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама