Halyq Uni логотип
×

«Әскерге күштеп алып кетті». Қорғаныс министрлігі Шымкенттегі видеоға түсінік берді

Бұл бейнежазбадан жігітті күштеп көлікке мінгізгенін көруге болады

 Қымбат Елтайқызы 25.04.2022 | 16:20
«Әскерге күштеп алып кетті». Қорғаныс министрлігі Шымкенттегі видеоға түсінік берді
фото: Halyq Uni

Қорғаныс министрлігі Шымкенттің әскерге шақырылушыларына қатысты мәлімдеме жасады.

2022 жылғы 22 сәуірде полиция қызметкерлері Шымкент қаласында жоспарлы рейдтік шаралар өткізді. Атап айтқанда, қорғаныс істері жөніндегі басқармалардың шақыртуымен келмегендер мен әскерден жалтарғандар іздестірілді. Нәтижесінде шақыру учаскесіне 6 шақырылушы жеткізілді. Өткізілген рейдтік шаралар қорытындысы бойынша ата-аналар немесе әскерге шақырылушылар тарапынан қорғаныс істері жөніндегі басқармаларға шағымдар түскен жоқ, – дейді ведомство.

Министрлік мәліметінше, мәлімделген мекен-жайда тұрмайтын әскерге шақырылушыларға шақыру қағаздарын беру мәселесі өзекті болып тұр. Оларды ата-аналары жасырады. Сонымен қатар Шымкент қаласы бойынша шақыру қағазын алған 300-ден астам шақырылушы медициналық комиссиядан өту үшін шақыру учаскелеріне келмеген. Ведомство әскерге шақыруда медициналық комиссия әрі әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды.

Бұған дейін Жамбыл облысында сарбаз жоғалып, кейін оның денесі Қырғызстаннан табылды. «Ол асылып қалды» деген ақпарат тарады. Осы қайғылы оқиғадан біраз уақыт өткен соң Жамбыл облысында тағы бір жауынгер көз жұмды. Әскерге келгеніне санаулы ғана күн болған маңғыстаулық жап-жас жігіт сапқа тұрғанда талып қалған. Сарбаздың анасы «оны бірнеше күн соққан» деді. Ал кейін қорғаныс министрлігі жауынгердің үстінде жарақат пен көгеру жоқ деп мәлімдеді. Бұл оқиға президентті де бейжай қалдырмады. Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама