×

«Тау басында асылып қалған»: Жамбылда 40 күн бұрын жоғалған сарбаз өлі күйінде табылды

Сарбаздың денесі Қырғызстаннан табылған

 Ұлдана Жұбай 10.04.2022 | 22:13
фото: ашық дереккөзден

2 наурызда із-түзсіз жоғалып кеткен «Андас батыр» шекара бөлімшесінде (Меркі ауданы – авт.) мерзімді қызмет өткеріп жүрген 19 жастағы әскери қызметші, қатардағы жауынгер Ұлықбек Айдарбекұлы Бердішев өлі күйінде табылды. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне сарбаздың нағашы ағасы Бауыржан Мереков мәлімдеді.

Сарбаздың денесін оның туыстары Қызғызстандағы тау басынан (асылып тұрған жерінен) тапқан. Бауыржан Мерековтің айтуынша, қазір мамандар Ұлықбектің денесіне сараптама жасау үшін мәйітті көрші елге алып кеткен.

Осыдан екі күн бұрын сарбаздың бірқатар киімін қырғыз қойшысы тауып алып, оның туыстарына тапсырған. Сосын Ұлықбектің туыстары шекара асып, оның киімі табылған жерге барса, 100 метр жерден баланың тау басында өз белдігене асылып тұрған кейпін көрген. Ал қалған киімі өлі күйінде табылған сарбаздың үстінде болған.

Бұл бір ай бұрын асылып тұрған балаға ұқсамайды. Беті ғана қарайып кеткен, қалған жері сап-сау, - дейді сарбаздың нағашысы.

Осыдан үш күн бұрын әскери заставадағылар жоғалған сарбазды Қырғызстан жақтан іздеуге кеңес берген. Бірақ оған дейін Қырғызстан шекарасынан іздеуге рұқсат етпеген.

Еске салайық, бұған дейін сарбаздың әкесі Айдарбек Бердішов ұлының 2-3 күн сайын хабарласып тұрғанын, жиі ақша сұрағанын айтқан еді.

Ал, сарбаздың анасы Орынкүл Мерекова ауылында шиеттей бала-шағасы қалғанына қарамастан, ұлын таппай қайтпайтынын айтты. Олар жоғалған сарбазды табу үшін бір айдан аса уақыт Андас батыр ауылынан үй жалдап тұрды. Сарбазды іздеуге оның ата-анасынан бөлек, нағашы атасы Шектібай Мереков пен нағашы ағасы Бауыржан Мереков те атсалысты.

Ұшты күйлі жоғалған сарбаз – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Жас жауынгерді соңғы рет әскер қатарында жүрген Ердос Мырзағалиев көрген. Оның айтуынша, Ұлықбек екінші наурыз күні әскери бөлімдегі атқораны тазалап жүрген.

Ұлықбек – үйінің тұла бойы тұңғышы. Ол 2021 жылы 10 қыркүйекте әскери борышын өтеуге аттанған. Сол уақыттан бері Ұлықбек азаматтық міндетін абыроймен атқарып келген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама