×

Салтанат Тұрсынбекова президент сайлауы туралы ойын айтты

Тұрсынбекова Тоқаевты құттықтап, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді

 Халық үні 21.11.2022 | 10:49
Фото: Facebook/Saltanat Tursynbekova

Қазақстан президенттігіне кандидат болған Салтанат Тұрсынбекова сайлауға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Әр кандидат өзінше жеңімпаз. Менің жеңісім – саясаткер әйелдің мәртебесін жаңа деңгейге көтергенім. Менің сайлауалды бағдарламамның арқасында кемсіту мен зорлық-зомбылықты жою мәселесі күн тәртібінен түспеді», - деді Салтанат Тұрсынбекова.

Ол сондай-ақ үгіт-насихат барысында берген уәделерін орындайтынын айтты.

«Барлық уәдені орындайтынымды тағы бір рет қайталаймын. Әр кездесуде әлеуметтік маңызды мәселелерді, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін көтердім», - деді Тұрсынбекова.

Ол Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сондай-ақ өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенттігіне кандидат болған Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

«Ашық қоғам» халықаралық өңірлік зерттеулер институты кезектен тыс президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады.

«Ашық қоғам» институты мәліметінше, «Сіз өз дауысыңызды ел президенттігіне кандидаттардың қайсысына бердіңіз?» деген сұраққа төмендегідей жауап алынды:

  • Қарақат Әбден –2,54%;
  • Нұрлан Әуесбаев – 2,17%;
  • Жигули Дайрабаев – 3,33%;
  • Мейрам Қажыкен – 2,23%;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,45%;
  • Салтанат Тұрсынбекова – 2,08%;
  • Бәріне қарсымын – 5,2%.

Сондай-ақ «Amanat» партиясының қоғамдық саясат институты және «Социс-А» институты өткізген Exit poll нәтижесі де осыған ұқсас болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама