×

Мемлекет лицензиясыз криптобиржаларға еш шара қолдана алмайды

Ондай биржаларда жемқорлар қаражатын тығып, терроризмді қаржыландыруы мүмкін

 Ербол Тұрымбет 15.08.2023 | 14:32
Фото: psm7.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ел аумағында цифрлық активтер саудасын жүргізіп отырған заңсыз криптобиржаларға ешқандай шара қолдана алмайды. Өйткені, ол агенттіктің құзырына жатпайды.

Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» заңның 15-1-бабының 1-тармағына сәйкес, агенттік өз құзыреті шегінде осы бапта көрсетілген қаржы ұйымдарының және қаржы нарығының өзге де субъектілерінің заң талаптарын сақтауын бақылап, қадағалайды. Ал «Binance», «Bybit Global», «Kucoin», «OKX», «Mexc» криптобиржалары агенттіктің лицензиаттары емес, сондықтан агенттік бұл ұйымдардың деректерінің қызметін бақыламайды және қадағаламайды, – делінген ресми жауапта.

Ал «Цифрлық активтер туралы» заң бойынша, (11-бап, 5-тармақ) «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, ел аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады.

Енді заңсыз криптобиржаларда цифрлық активтермен сауда жасайтын клиенттерге банктер қызмет көрсетсе не болады? Оларға қатысты қандай да бір шара қолданыла ма? Бұған қатысты да агенттік екіұшты жауап берді.

Олардың жауабына қарағанда, банк заңнамасында банктерге тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылаудың тиісті жүйелеріне қойылатын талаптар бар.

Ішкі бақылаудың мақсаттарының біреуі банктің және оның қызметкерлерінің, банк клиенттерінің заңсыз қызметті, оның ішінде алаяқтықты, алдауды, КЖ/ТҚ (ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру/терроризмді қаржыландыру) жүзеге асыруға, КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар операцияларды жүргізуге байланысты Қазақстан Республикасының аумағында операцияларды жүзеге асыруға, цифрлық активтер платформасын басқару бойынша қызметтер көрсететін «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары болып табылмайтын цифрлық активтер биржаларында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді одан әрі сатып алуға байланысты Қазақстан Республикасының аумағындағы операцияларды жүзеге асыруға тартылуына жол бермеу болып табылады, – делінген ресми жауапта.

Бұдан түсінгеніміз, агенттіктің мақсаты алаяқтық, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру, терроризмді қаржыландыру сынды операцияларды жүргізуге жол бермеу. Сонымен бірге,  «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелмеген биржаларда цифрлық активтерді сатып алу бойынша операция жүргізуге де жол бергісі келмейді.

Бірақ, жол бермеу үшін қандай шаралар қолдана алатыны айтылмайды. Тек АХҚО-ның лицензиясын алған биржаларды қалай тексеретінін тізіп берген. Мысалы, АХҚО қатысушысына қатысты банк КЖ/ТҚ тәуекелін бағалайды, клиенттерді тексереді.

Клиенттердің операцияларына қызмет көрсету үшін банктік шот ашқан кезде АХҚО қатысушысы банктер KYC («Know Your Customer» – «Өз клиентіңді біл») тиісті рәсімдерін жүргізуге міндетті.

Заңнамада баламасында мың доллардан аспайтын біржолғы банк операцияларын жүргізу кезінде биржада операция орындайтын банк клиенттерін тексерудің оңайлатылған шаралары көзделген. Ал операция құны одан асып кетсе банк клиенттерді тексерудің күшейтілген шараларын жүргізуге міндетті.

Сондай-ақ, лицензиясы бар биржаға КЖ/ТҚ тәуекелінің жоғары деңгейін берген кезде банк клиенттерді тиісінше күшейтілген тәртіппен тексереді әрі іскерлік қатынастар тоқтатылғанға дейін қаражаттың шығу көздерін тексеруге құқылы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашев Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп жатқан жоғарыда аталған криптобиржалардың қосымшалары бұғатталуы керек деп мәселе көтерген еді.

Себебі, оның айтуынша, криптобиржалардың қызметін АХҚО тиісті лицензиясы болған жағдайда ғана заңды деп бағалауға болады. Крипто алмасудың қалған алаңдары мен тәсілдері – дамыған елдердің юрисдикцияларында барынша күресуге тырысатын қылмыстық әрекет саналады. Реттелмеген криптовалюта сыбайлас жемқорлық сияқты заңсыз жолмен алынған қаражатты алу, пайдалану немесе жасырудың тамаша құралы болуы мүмкін. Сондай-ақ, криптовалюта қылмыстық әрекетті, терроризмді қаржыландыру үшін кеңінен қолданылады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама