×

Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп жатқан криптобиржалардың қосымшалары бұғатталуы керек - Дәурен Қарашев

Қазақстанда лицензия алмай жұмыс істейтін криптобиржалардың қосымшаларын еш қиындықсыз пайдалануға болады

 Айнұр Шошаева 31.07.2023 | 12:41
Дәурен Қарашев, фото: kabt.kz

Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы ел аумағында заңсыз жұмыс істеп жатқан криптобиржалардан келетін қауіпті атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашевтың айтуынша, бүгінде реттеуші лицензиясын алған көптеген криптобиржалар (Digital Asset Trading Facility) қауымдастықтың қатарына кіру үшін қызығушылық танытып отыр. Еске сала кетейік, Қазақстанда аумағында цифрлық активтерді заңсыз шығаруға және сатып алу/сатуға қатаң тыйым салынады (ҚР-дағы цифрлық активтер туралы заңның 8-бабының 5-тармағы). Бұған тек Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында ғана рұқсат етіледі.

Сондықтан, криптобиржалардың қызметін АХҚО тиісті лицензиясы болған жағдайда ғана заңды деп бағалауға болады. Крипто алмасудың қалған алаңдары мен тәсілдері – дамыған елдердің юрисдикцияларында барлық шарамен күресуге тырысатын қылмыстық әрекет саналады. Реттелмеген криптовалюта сыбайлас жемқорлық сияқты заңсыз жолмен алынған қаражатты алу, пайдалану немесе жасырудың тамаша құралы болуы мүмкін. Сондай-ақ криптовалюта қылмыстық әрекетті, терроризмді қаржыландыру үшін кеңінен қолданылады. Крипто активтерін заңсыз алаңдарда сату немесе сақтау арқылы криптовалютаның тұтынушысы еркінен тыс криптовалюта активін пайдаланған қылмыстық әрекеттердің қатысушысы болып саналады, - деді ол.

Сонымен қатар, қауымдастық басшысы реттеуші органның лицензиясын алмаған крипто биржалар Қазақстанға салық төлемейтінін айтады. Сәйкесінше, бұл клиенттерінің кірісін жасыруға ықпал етеді.

«Сондай-ақ олардың қызметі өз клиенттерінің қаражатының сақталуына кепілдік бермейді, өйткені мұндай крипто биржалар өздері жұмыс істейтін елдің құқықтық міндеттемелерін мойнына алмайды. Мұндай биржалардың көпшілігі күмәнді юрисдикцияларда тіркелген, сондықтан өз салымын жоғалтқан кезде Қазақстанның құқық қорғау органдары мұндай биржалардың клиенттеріне көмектесуі екіталай. Тіпті, бұл биржалардың клиенттеріне (қазақстандықтарға) олардың заңдылығы тұрғысынан осындай күмәнді платформалардағы белсенділігі үшін қарсы сұрақтар қойылуы мүмкін. Әрбір осындай биржа кез келген уақытта салымшылардың қаражатын өз қалауы бойынша пайдаланады. Әлемге әйгілі FTX биржасы бар істің айқын мысалы бола алады», - деп қосты Дәурен Қарашев.

Бұған қоса, заңсыз криптобиржалар лицензия алған биржалардың қызметіне кедергі келтіреді. Соңғысы лицензия алу, ең төменгі капиталды ұстау, ақпараттық жүйенің жұмыс істеуі, қымбат комплаенс, AML және т.б. мамандардың еңбегіне ақы төлеу үшін қыруар шығын жұмсайды. Бұл шығындар биржалық қызметтердің қымбаттауына және клиенттердің сұранысының төмендеуіне әкеледі деп есептейді.

«Қазақстанда АХҚО-дан лицензия алмай жұмыс істейтін криптобиржаларының қосымшаларын еш қиындықсыз пайдалануға болады. Мен білетіндердің арасында binance global (binance.kz шатастыруға болмайды), bybit global (bybit.kz шатастыруға болмайды), kucoin, okx, mexc және т.б. бар. Бұлардың барлығы қазақстандық заңнама талаптары бойынша дереу бұғатталуға тиіс. Сарапшылар мен трейдерлердің болжамды деректеріне сәйкес, таяуда негізгі криптовалютасы – биткоин құнының айтарлықтай өсуі болжанып отыр. Бұл факт қазақстандықтардың арасында инвестициялауға қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Жауапты органдардың заңсыз алаңдарға қатысты әрекетсіздігі қоғамда олардың заңдылығына деген жалған сенім тудырып, заңсыз әрекетке итермелеуі мүмкін», - деп толықтырды сөзін.

Сондай-ақ Дәурен Қарашев қауымдастықтың басты міндеті - қазақстандық крипто экожүйені дамыту, қоғам, мемлекет және осы саладағы кәсіпкерлік қызмет үшін барлық тәуекелдерді барынша азайту екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанда тек заңды криптобиржалар жұмыс істеуі керек.

Бұған дейін, CaspianEx криптовалюта биржасы Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының мүшесі болғаны туралы хабарлаған болатын. Ұйым өкілдері бұл қадам Қазақстанның толыққанды криптоэкожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама