×

Блокчейн технологиясы мамандары қанша табады

Елімізде осы мамандарға сұраныс еселеп артқан

 Ербол Тұрымбет 13.05.2023 | 10:30
Фото: pulse.ru

Қазақстан нарығына криптоқаржымен айналысатын ірі компаниялардың келе бастаса жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Соның арқасында білігі жоғары қазақстандықтар жоғары жалақы ала бастайды. Мәселен, блокчейн-құрастырушы орта есеппен айына 10 мың доллар алады. Демек, біз нарықты мықты кадрлармен қамтамасыз ете алсақ, қазақстандықтардың жағдайы да жақсара түседі. Бұл туралы Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы аппаратының басшысы Азамат Ахметжанов «Голос народа» ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.

Елімізде осы мамандарға деген сұраныстың соңғы жылдары күрт артқанын Blockchain university де растайды. Олардың мәліметі бойынша, 2020 жылдан бері блокчейн-құрастырушы мамандарға деген сұраныс 5 еседен де асып кеткен. Мысалы, 2020 жылы 54 мың бос орын жарияланса, 2021 жылы оның саны 167 мыңға, ал 2022 жылы 338 мыңға дейін жеткен.

Блокчейн-технологиялардың бүгінде Қытай, АҚШ, Жапония, Канада, Аустралия мен Еуроодақта табысты қолданылып жатқанын бұған дейін жазған едік. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Аталған мемлекеттер блокчейн-технологияларды қаржы, сауда және логистика салаларында, сондай-ақ, кедендік бақылау, электронды құжат бойынша да тиімді қолданып келеді.

Азамат Ахметжановтың айтуынша, бұл индустрияға ірі компаниялар көптеп келіп жатыр. Мысалы, Binance басшысы да Қазақстанға келіп, инвестиция салуға ынталы екенін білдірді. Сонымен бірге, Binance сауат ашу бағыттарымен де жұмыс істей бастаған.

Аталған қауымдастық та әлемдік бестселлерлерді қазақ тіліне аударған. Мамандардың айтуынша, елде криптовалютаны түсіну және оны қабылдай білу артқан сайын нарыққа компаниялар да көп келеді. Ал егер Қазақстан Орталық Азияның криптохабына айналса, ірі компаниялардың көптеп келуінің арқасында елдің салық түсімі де едәуір көбейеді.

Айта кетерлігі, Blockchain university мәліметі бойынша, блокчейн-құрастырушы мамандарының орташа табысы миллиондап саналады. Мәселен, Астанада отыратын маман шамамен 1,2 млн теңге табатын болса, Мәскеудегілер 1,7 теңгеге дейін алады. Ал Лондонда мұндай мамандардың жалақысы орта есеппен 4 теңгені құрайды. Нью-Йоркте 4,5 млн теңге шамасында. Оған қоса, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі де бар екенін ескеруіміз керек. Сондықтан олардың қай жерде отырғаны да аса маңызды емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама