×

«Курс бітіріп шыққандардың 30-40%-ы шетелге кетеді». Нарықта блокчейн-технологтар қаншалық сұраныста

Жаңа технология түрі дамыған елдермен қатар Қазақстанда да қолданылады

 Ербол Тұрымбет 09.05.2023 | 15:15
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасындағы жаңа мамандықтар мен құзыреттердің Атласында блокчейн-технолог 2025 жылы пайда болатын мамандық ретінде көрсетілген. Оны меңгерген адам мынадай бірқатар базалық құзыретке ие болады. Мысалы, математикадан бөлек, информатика және есептеу техникасы, Data science, компьютерлік ғылымдар, бағдарламалау мен жүйелік және желілік әкімшілендіру саласында қызмет атқара алады деген сөз.

Блокчейн-технологияларды бүгінде Қытай, АҚШ, Жапония, Канада, Аустралия мен Еуроодақ қолданып келеді. Осылардың қатарына Қазақстан да кіреді.

Аталған мемлекеттер блокчейн-технологияларды қаржы, сауда және логистика салаларында, сондай-ақ, кедендік бақылау, электронды құжат бойынша да тиімді қолданып келеді.

Қазақстандық блокчейн-технологиялары қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметовтің айтуынша, елде криптоиндустрияның қиындықтарға ұшырауына байланысты сондай IT мамандардың басқа елге кетіп, олардан айрылып қалу қаупі туып тұр.

Өйткені, энергетика жүйесінің қиын жағдайға ұшырауына байланысты майнинг компаниялары, дата-орталықтардың көбі жұмысын тоқтатып жатыр. Оның үстіне, заң бойынша, киловатына салық 1 теңге емес, 2023 жылдың қаңтарынан бастап 10 теңге болды. Ол да бұл өндіріске түбегейлі қиындық жасайды.

Мамандардың шетелге кету үрдісі бар екенін Blockchain University негізін салушы әрі басшысы Қуаныш Қайырбаев та растайды. Оның айтуынша, қазір нарықта маман тым тапшы деуге келмесе де сұраныс мамандардың санынан асып тұр. Ал ағылшын білетіндері шетелге кете алады. Тіл білгеннің арқасында олардың әрі қарай дамып жетілуі де тез жүреді.

Бізде бітіріп шыққандардың 30-40%-ы Дубайға, Украина, Сауд Арабиясы мен Сингапур және Қытайға да кетіп жатыр. Ал елде қалатындары Астана мен Алматыда. Оқып жатқандардың 40%-ы 15-16 жастағы студенттер. Жас айырмашылығы әр түрлі. Арасында 30-40 жастағылар, тіпті 55-56 жасқа дейінгілер де оқып жатыр, –дейді ол.  

Оның пікірінше, қоғамда технологияның бұл түрі бойынша әлі де толық түсінік қалыптаспаған, он адамның бір-екеуі ғана түсінеді. Оның өзінде шала-шарпы ғана.

Бәрінде болашағы бар мамандық деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, бәрі биткоин, эфириум сынды негізгі криптовалюталардың бағасына қарайтын сияқты. Шын мәнінде ол айсбергтің басы ғана, – дейді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама