×

Қаржы вице-министрі банкроттықты рәсімдеудің қашан басталатынын айтты

Рәсімнің салдары да болады

 Дәурен Ерболат 31.12.2022 | 13:50
фото: Владимир Третьяков

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақстандықтар банкроттықты қашан рәсімдей алатынын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банкроттық туралы заңға қол қойған еді. Енді 60 күннен соң қазақстандықтар банкроттықты рәсімдеу үшін мемлекеттік органға жүгіне алады.

Мысалы, президент заңға қол қойып, ресми ақпарат 10 қаңтарда жарияланса, азаматтар (банкроттықты рәсімдеуге, – автор) 10 наурыздан бастап, яғни 60 күннен соң біздің орталықтарға бара алады. Оған дейін біз техникалық ұйымдастыру және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, - деді Ержан Біржанов.

Вице-министр банкроттық рәсімдеудің салдары болатынын да ескертті.

Адамдарға түсіндіріп, салдарын (банкроттықтың, – автор) айту керек. Мысалы, олар кредит ала алмайды, 7 жыл банкроттықты қайта рәсімдей алмайды. Бұл салмақты, ойланып қабылдайтын шешім болуға тиіс», - деді ол.

Мысалы, Заңға сәйкес банкроттық рәсімінің 3 түрі болады. Осы орайда Ержан Біржанов оның үшінші түріне тоқталды.

«Сіздің аз да болса табысыңыз бар. Ипотека болса, оны да өтеу керек. Осы заң шеңберінде оған үшінші тәсіл қолданылуы мүмкін. Банкрот деп танылмауыңыз ықтимал. Қарапайым тілмен айтқанда, реабилитация процедурасынан өтесіз. Сізге қаржылық басқарушы (заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар) тағайындалады. Сіз сотқа шағымданып, 5 жылға кесте жасай аласыз. Оның ішінде ипотекаға алған пәтеріңіз, басқа заттарыңыз бар. Оларды жалға бересіз бе, басқа мүлікке ауыстырасыз ба, бұл нормалар заңда көрсетілген.
Заңда сіз банкрот болмайсыз, жағдайыңызды жақсартасыз деген опция бар. Бұл – заңдағы үшінші рәсім», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұл көмекті алу үшін мемлекеттік органға (Қаржы министрлігі) бару керек.

Қаржы министрлігі сізге кеңес береді. Бірақ соңғы шешім – реабилитация сот арқылы белгіленеді. Жоғарыда аталған қаржылы басқарушылар сізге арнайы кесте жасап береді. Осылайша, сізге қаражатты толық жабуға 5 жыл беріледі, - деп сөзін түйіндеді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, аталған заң жобасы аясында 1,1 млн қазақстандық несиесінен құтылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама