×

1,1 млн қазақстандық несиесінен құтылуы мүмкін – Қаржы министрлігі

Сенат банкроттық туралы заңды қабылдады

 Дәурен Ерболат 29.12.2022 | 14:04
фото: Halyq Uni

Қазақстанда 1,1 млн адам банкроттық туралы заңның көмегіне жүгініп, несиесінен құтылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде (банкроттық туралы – авт.) заңның көмегіне жүгінетін адамдардың саны 1 млн 170 адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде, 31 мың адам сот процедурасымен өзін банкрот деп тануы ықтимал. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік төлем алатын 37 мың адам адам осы заңның аясында банкрот деп танылуы мүмкін. Бұл процедураға жүгіну-жүгінбеу азаматтың өз еркінде. Біз қарызы бар адамдарға сотқа барыңыз деп үгіттей алмаймыз. Ол әр азаматтың салмақты ойланып қабылдаған шешімі болуға тиіс. Себебі, оның үлкен салдары бар», - деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Айта кетейік, бүгін Сенат банкроттық туралы заң жобасын қабылдады.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда банкроттық рәсімдеген жеке тұлғаларға қандай шектеулер қойылатынын түсіндірген еді.

«Қайтадан банкроттық рәсімдеу үшін арада 5 жыл уақыт өтуі керек. Мысалы, заң жобасы ендігі жылы күшіне енді деп есептейік. 2023 жылы адам банкрот деп танылса, ол қайтадан банкроттық рәсімдеу үшін 7 жыл күтеді. Демек, 2028 жылы ғана қайтадан банкроттық рәсімдей алады. Банкроттықтан кейін оны рәсімдеген жеке тұлғаның қаржылық жағдайына 3 жыл мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Өйткені әдейі банкроттық рәсімдегендерді анықтауға осындай тәсіл қолданылады», - деді Ержан Біржанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама