×

Ақтауда ата-аналар тарақан жайлаған балабақшаны жабуды талап етіп жатыр

Мекеме басшылығы 200 баланы демалысқа жіберу туралы шешім қабылдамайтынын айтты

 Динара Амантай 28.09.2022 | 18:01
Фото: ашық дереккөз

Ақтауда балабақшаға баратын балалардың ата-аналары мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы антисанитариялық жағдайға шағымданды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі astanatv.kz арнасына сілтеме жасап.

Ата-аналар балабақшаны жайлаған тарақандар мен басқа да жағымсыз тіршілік иелерін біржолата жою үшін мекемені бірнеше күнге жабуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, балалардың денесінде тарақандардың шаққан іздері байқалған. Ал балалар жәндіктер олардың жастықтарына шығатынын айтқан.

Баламды не нәрсе шағып жүргені түсініксіз. Мен балабақша біраз уақытқа қайта өңдеу үшін жабылу керек деп есептеймін. Бір апта үйде бола тұрамыз, бұл – бүкіл бақшаның тыныштығы. Мен баламның тарақандардың арасында ұйықтағанын қаламаймын, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Александра Гордеева.

Ал Виктория Көшербаева бұл балабақшаға алғаш келген күннен бастап бала үнемі ауырып қала беретінін айтады. Әйел бұл жағдайды тікелей осы балабақшадағы тазалықтың жоқтығымен байланыстырып отыр.

Ол ішек инфекцияларымен байланысты ауруға шалдығып қала береді, үнемі құсады. Қайта-қайта қызуы көтеріліп, екі ай бойы ауырды. Бұған қоса, ол балабақшадан келгенде бірнеше рет жастықта тарақандардың жүгіріп жүргеніне шағымданып келді, – деді Виктория Көшербаева.

Бұл мәселені балабақша басшылығының өзі жоққа шығармайды.  

Мен бұл қызметке екі ай бұрын ғана тағайындалдым. Бұл мәселе туралы білемін және біз оны шешуге тырысып жатырмыз. Бүгін біз СЭС-ке хабарлаймыз. Бәрін бірте-бірте жаңартамыз, – деді балабақша директоры Гүлбану Қожабергенова.

Дегенмен мекеме басшылығы 200 баланы демалысқа жіберу туралы шешім қабылдамайтынын айтты. Күрделі санитарлық тазарту жұмыстарын демалыс күндері жүргізу жоспарланып отырған көрінеді.

Маңғыстау облысының білім басқармасы бұл жайтты ведомство қызметкерлері мен сапа бақылауын қамтамасыз ету бойынша аймақтық департамент өкілдерінен құрылған арнайы комиссия тексеретінін мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша шара қолданылады.

Сонымен қатар, бірлесіп тексеруді жүзеге асыру үшін қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне хабарлама жолданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама