×

Билікке жаңа адамдар келуі керек – Әшімбаев Мәжіліс сайлауы туралы

Сайлау келесі жылы өтеді деп жоспарланып отыр

 Дәурен Ерболат 08.09.2022 | 13:07
Фото: neonomad.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәжіліс сайлауына қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, бұл Парламентке түрлі саланың мамандарын тартуға мүмкіндік береді.

Соңғы айларда билікке жаңа адамдар келуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Басқа салаларда қызмет етіп жүргендердің, қоғамдық жұмыстағылар, бизнестегі мамандардың, ғылымдағы азаматтардың  келуі туралы ұсыныстар айтылып отыр. Сондықтан алдағы сайлауларды өткізу арқылы Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндік береді. Бұл сайлаулар реформалардың жалғасы және оның нәтижесінде жаңа қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жаңа саяси партиялардың билік тармақтарына келуіне жол ашылады, - деді Мәулен Әшімбаев Сенат отырысынан соң.

Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын, Мәжіліс сайлауын өткізу туралы ұсыныс көтергенін еске салды.

Бұл ұсынысты толықтай қолдаймыз. Жалпы осындай қадамға барудың бірнеше нақты себебі болды. Елімізде үлкен саяси реформалардың жүзеге асып жатқанын білесіздер. Осындай реформалардың аясында үлкен өзгерістер болып жатыр. 5 маусымда референдумда Конституциямызға өзгерістер енгіздік. Ары қарай осы саяси-экономикалық реформалар жалғасатын болады, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы бұл өзгерістерді іске асыру үшін халықтың қолдауы керектігін атап өтті.

«Сондықтан еліміздегі осы жағдайды, қаңтарда болған трагедиялық оқиғаларды ескеріп, тиісті өзгерістер болып жатыр. Түбегейлі реформаларды жалғастыру үшін биліктің тармақтарына, Президентке, Үкіметке, Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға халықтың мандаты керек. Халық қолдаса, онда сол мандатты алып, ара қарай түбегейлі реформаларды жалғастыруға мүмкіндік болады», - деді ол.

Айта кетейік, осыған дейін Сенат спикері Астана атауын қайтару ұсынысына қатысты пікір білдірген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама