×

Елорда әкімдігінде кәсіпкерді ұрған көпбалалы аналарға қатысты сот үкімі шықты

Олардың әрекеттері бейнежазбалармен, сот-медицина сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен расталды

 Динара Амантай 27.08.2022 | 12:59
Фото: видеодан скриншот

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты әкімдік ғимаратында азаматқа қатысты зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған Ш., О. және М. есімді азаматтарға қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Ш., О. және М. биыл 27 шілдеде сағат 10.00 шамасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ғимаратында қоғамдық тәртіпті дөрекілік танытып бұза отырып, әкімдікке кеңеске келген жәбірленуші М.-ға қатысты зорлық-зомбылық әрекет жасады.

Сараптамаға сәйкес, олар М.-ны жарақаттап, оның басына сызат түсірді және оң жақ қолы мен сол жақ қолын көгерткен. Тергеу аталған дене жарақаттарын денсаулыққа жеңіл зиян келтіру ретінде бағалады.

Сонымен қатар Ш., О. және М. мемлекеттік орган қызметкерлерінің ғимаратқа кіруіне жол бермей, әкімдік ғимаратына кіреберісті жауып тастаған көрінеді. Осыған байланысты олар жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің қалыпты қызметіне кедергі келтірген.

Сотталған адамдардың іс-әрекеттері бейнебақылау камераларындағы бейнежазбалармен, сот-медицина сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен расталды.

Соттың шешімі бойынша, іс бойынша сотталған адамдардың жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Бұған қоса олардың жас балаларының болуын сот жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сонымен бірге Ш., О. және М.-ның бұрын сотталмағаны да ескерілді. Қылмыс орташа ауырлықтағы қылмыс қатарына жатқызылды.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, Ш., О. және М. ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша оларға пробациялық бақылау орнатылып, қоғамдық-саяси қызметпен, оның ішінде БАҚ пен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, 3 жыл мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқықтарынан айырыла отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін көпбалалы аналардың Нұр-Сұлтан әкімдігінде кәсіпкерді жабылып ұрғаны туралы жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама