×

Құқық қорғау қызметкерлері 6 адамды азаптап өлтірген – Бас прокуратура

Қайғылы жағдайлар тергеу барысында анықталған

 Дәурен Ерболат 16.08.2022 | 17:35
Фото: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған 6 адамды күштік құрылымның қызметкерлері азаптап өлтірген. Бұл туралы Бас прокуратура бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Құқық қорғау қызметкерлерінің рұқсат етілмеген жауап алу әдістерін қолдану салдарынан жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 6 күдіктінің қаза болғаны тергеумен анықталды. Бұл фактілердің барлығы арнайы прокурорлармен жан-жақты тергеліп жатыр. 15 құрылымдық күш қызметкері күдікті ретінде танылды, оларға түрлі бұлтартпау шаралары таңдалды, - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өз өкілеттігін асыра пайдаланған әскерилер де жауапқа тартылып жатқанын атап өтті.

«Талдықорған қаласындағы блокпостарда және әскери бөлімнің жанында, сондай-ақ Алматы қаласындағы алаңда жекелеген азаматтардың қаза болуына әкеп соққан, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін бірқатар әскери қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр», - деді бірінші қызмет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың тізімін жариялаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама