×

«Келіп жатқан ресейліктерді тексеру керек». Арман Шораев астанада сепаратистік ән шырқағандар туралы

Астанадағы арбаттың үйлестірушісі тұрғындардан кешірім сұрады

 Айнұр Шошаева 27.07.2022 | 10:26
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның қоғам белсенділері елімізде соғысты насихаттап, ресейлік пропагандамен айналысып жүрген азаматтарды жазалауды талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni

Еске сала кетейік, бұған дейін елордадағы Есілдің жағалауындағы қоғамдық орында бір топ жас ресейлік жалдамалы жендеттер туралы ән орындағанын хабарлаған болатынбыз. 24 шілдеде Есілдің жағасындағы көшедегі караокеде бір топ жас ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясы (ЧВК Вагнер) деген атпен танымал жалдамалы жендеттер туралы әнді орындады.

Интернеттегі ақпаратқа сәйкес, «Вагнер» жеке әскери компаниясы – ресми мойындалмаған қарулы құрылым. Бұл топ 2014 жылдан бастап Украинада, содан кейін Сирияда жұмыс істеген. 2017 жылдың маусым айында Вагнер тобы АҚШ-тың санкцияларының тізіміне енгізілді. 2018 жылдың 28 шілдесінде ресейлік бір топ тәуелсіз журналист аталған топ туралы зерттеу фильмін түсіру үшін Сирияға аттанады. Алайда екі күннен соң журналистердің көз жұмғаны белгілі болды. Сондай-ақ 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірқатар мемлекет «Вагнер» тобына санкция салды. Бүгінде бұл құрылымның жендеттері Украина жерінде соғысқа қатысып жатқаны туралы ақпарат бар. 

«БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ ШУЛАТҚАН ЕДІ...»

Редакция ақпарат жариялағаннан кейін елорданың Сарыарқа аудандық әкімдігі мәлімдеме жасады. 

«Сарыарқа ауданы әкімі аппараты мен белсенді тұрғын Арай Ордабаеваның көмегімен Арбатта барлық тілек білдірушілер үшін тегін караоке ұйымдастырылған болатын. Караокеде әндердің белгілі бір каталогы бар, ал Арбаттың әрбір қонағы кезек тәртібімен әндерді орындай алады. Өкінішке қарай, кейбір қонақтар жалпы қабылданған ережелерге қайшы, өзге тарап қызметінен арандатушылық музыканы қосты. Осы оқиға үшін елорда тұрғындары мен қонақтарынан кешірім сұраймыз! Жауапты қызметкерлермен қосымша нұсқаулық өткізілді», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ әкімдік караоке жеке саяси көзқарастарды насихаттау құралы ретінде емес, тек ойын-сауық мақсатында ұйымдастырылғанын еске салды. 

Демалушылардың арасында Арбат деген атпен танымал Есілдің жағасындағы қоғамдық орынның негізін қалаушысы және үйлестірушісі Арай Ордабаеваның айтуынша, сепаратистік әнді орындаған жастар бұған дейін шу шығарғанын айтты. 

Мамыр айында қоғамдық орын екенін біле тұра көлікпен келіп, боқауыз әндер қойды. Сол үшін оларға ескерту жасап, қуып жіберген едім. Жалпы, соғысты насихаттайтын әндерді орындауға жол берілмейді. Әсіресе, ол жерде Украина елшілігінен волонтерлер штабы тұр. Біз Ресейдің соғыс қимылдарынан зардап шеккен Украинаға көмек жинап жатырмыз. Сондықтан «Ресей жасасын» дегенге төзе алмаймыз, – деді Арай Ордабаева. 

Бұған қоса, қоғамдық орынның үйлестірушісі караокеге жауапты азаматтарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, музыканы қосып отырған адамдар репертуарға да жауапты болып саналады. 

«Оларда қосуға болатын әндердің тізімі бар. Дәл сол әнді шамасы ютубтан қосқан шығар. Біз бұл жағдайды тексереміз. Әнді қосып отырған ауылдан келген бала, орыс тілінде қандай ән айтылып жатқанын түсінбеуі мүмкін. Арбат саясатқа араласпайды, сондықтан қоғамдық орында саясат, соғыс туралы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Біз соғысқа қарсымыз», - деп қосты Арай Ордабаева. 

«СЕПАРАТИЗМДІ НАСИХАТТАЙТЫНДАРДЫ ҚАЗАҚСТАННАН ШЫҒАРУ КЕРЕК» 

Қоғам белсендісі Арман Шораевтың пікірінше, қоғамдық орында ән айту насихаттың бір түрі саналады. 

«Соғысқа шақыру біздің заңдарға қайшы келетін нәрсе, өйткені Қылмыстық кодексте шетелдегі соғысқа қатысуға үгіттеуді жазалайтын арнайы баптар бар. Қатысқандарын жауапқа тартып, соттап жатады. Сондықтан үгіт-насихатпен айналысып жүрген кім болса да, оларды жауапқа тартып, қатаң жазалау керек деп есептеймін. Қазақстанның полицейлері немесе ҰҚК органдары сол адамдарды тауып, заң шеңберінде жазалауы тиіс», - деді ол. 

Сонымен бірге, белсенді Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктерді тексеру керек деген пікірде. 

Елімізге келіп жатқан 10 адамның екеуі ФСБ-ның агенттері деп ойлаймын.Келіп жатқан ресейліктердің көбі соғыстан, әскерге шақыртудан қашып жатқандар. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Бірақ егер Қазақстан шекарасын өтіп жатса, олар бір анкета толтырып, біздің елдің заңдарын құрметтеуге уәде берулері тиіс. Елімізге зиянын тигізетін әрекеттерді жасамау, іріткі салу немесе соғысты жарнаманы жасамауы керек. Сонымен бірге, келіп жатқан азаматтардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеру қиын емес. Мысалы, АҚШ-тың визасын алу кезінде әлеуметтік желідегі парақшаларын тексереді. Бізге де дәл сол сол тәсілді қолдану қажет. Бұл жерде жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Шынымен қауіп бар, біз ол қауіпті жоққа шығара алмаймыз, – деп қосты ол. 

Бұған қоса, белсенді Қазақстан аумағында сепаратизмді насихаттайтын шетелдіктерді елден шығарып, өмір бойы елімізге келуге тыйым салу керек деп есептейді. 

«Соғысқа үгіттейтін, арандатып жүрген әндерді басқа елдің азаматтары орындап жатса, бір тәулік ішінде елден депортациялау керек. Сондай-ақ өмір бойы Қазақстанға келуге тыйым салса артық болмайды. Ал өзіміздің азаматтар болса, сепаратизм бабы бойынша жауапқа тартуға болады. Менің ойымша, бір аптаның ішінде тәртіпке келтіруге болады. Тек ол үшін құқық қорғау органдары еліміздің болашағын ойласа оянуы керек», – деп қорытындылады ол. 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА РЕСЕЙДЕ ҚАНДАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ БОЛМАЙДЫ? 

Әлеуметтік желілерде Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын жоғары жалақыға Ресейге жұмысқа шақыру туралы хабарландырулар таратылып жатыр. Алайда көп жағдайда бұл Украинадағы соғыс аймағында жұмыс істейтін жеке әскери компаниялардың (ЧВК) жарнамасы болып шықты. 

Podrobno.uz сайтының Сыртқы еңбек көші-қон агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, әлеуметтік желідегі кейбір жаңалықтар арналары Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын жоғары жалақы үшін Ресейге жұмысқа шақыру туралы хабарландырулар таратып жатыр. 

«Тәуелсіз журналистердің зерттеулері бұл жарнамалардың негізгі мақсаты азаматтарды Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аймақтарына тарту екенін көрсетті», – деп атап өтті агенттік.

Жарнамада Ресейдің жеке қауіпсіздік кәсіпорындарында жұмыс істеу туралы ұсыныстар бар, бірақ іс жүзінде бұл Украинадағы ұрысқа қатысып жатқан ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясымен байланысты болуы мүмкін.

«Осыған байланысты біздің отандастарымыздан шетелде жұмыс істеу туралы бейресми хабарландыруларға сенбеуін сұраймыз», – деп атап өтті агенттік. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандықтардың ел аумағынан тыс жерле соғысқа қатысуы үшін қандай жаза көзделгенін айтқан болатын. Қазақстан азаматтарының кез келген шет мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе ұрыс қимылдарына, жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана заңсыз қатысуына байланысты әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша диспозициясына жатады. Осы қылмысты жасағаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Ал Қазақстан азаматтарын Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысуға БАҚ немесе телекоммуникация желілері, оның ішінде интернет желісі арқылы немесе шақыруға бағытталған жарияланымдардың сипатына, сондай-ақ өзге де қылмыс жасауға итермелеу мән-жайларына қарай (ҚР ҚҚ 28-бабының 4-тармағы), ұлтаралық қақтығысты қоздыру немесе азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері (ҚР ҚҚ 174-бабы), көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚР ҚҚ 274-бабы), және өзге де қылмыстық белгілері бойынша заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ ҚР Бас Прокуратурасы Қазақстанда аталған соғысқа қатысу фактісі бойынша (ҚК-нің 172-бабы) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті 1 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. 

Сепаратизм фактісі бойынша (ҚК-нің 180-бабы) 2021 жылы 4 қылмыстық іс (2 іс сотқа жолданып, қаралуда, 2 іс ақталатын негізбен тоқтатылған), 2022 жылы 1 қылмыстық іс тіркелген (өндірісте).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама