×

Қарағандыда полиция полковнигі мен экс-прокурор қатысқан төбелес болды (ВИДЕО)

Осы оқиғадан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша соталды тергеу басталды

 Еркеғали Болатұлы 22.07.2022 | 15:20
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Қарағанды облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ермек Тобылбаев пен прокуратура қызметкері Алексей Бондаревтің жанжалдасқан видеосы тарап жатыр деп хабарлады Tengrinews.kz.

Видеоға бірнеше адамның балағат сөздер айтып, жанжалдасып тұрғаны түсірілген. Шетте жағдайды бақылап тұрған криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ермек Тобылбаев көрінеді. Жанжал барысында ер адамдар арасында төбелес басталып кетіп, видео сол жерден аяқталады.

Видео желіге тарағаннан кейін полковник Ермек Тобылбаев оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Бұл жазба 4 шілдеде түсірілген. Ұялы телефоныма криминалдық полиция басқармасының бақылауында тұрған алаяқтық дерегіне қатысты қылмыстық іске қатысушыдан қоңырау түсті. Маған қалада қылмыстық іске қатысушылардың жиналысы жоспарланғаны айтылды.

Заңсыз әрекетті болдырмау әрі мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына бардым. Сонымен қатар, сол кезде патрульдік полиция полкінің жасағын шақырдым. Оқиға орнына келіп, жағдайды бақыладым. Басында бәрі тыныш болды. Тараптар дау тудырған автокөлік туралы жай сөйлесті. Қатысушылардың бірі екіншісін ұрған кезде мен шақырған жасақ араласып кетті.

Қақтығыстың барлық қатысушысы полиция бөліміне жеткізілді», - деді Ермек Тобылбаев.

Сондай-ақ ол осы оқиғадан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша соталды тергеу басталғанын айтты.

Видеоға қатысты Қарағанды облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің өкілі де пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, Алексей Бондарев 2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап прокуратура органдарында жұмыс істемейді.

Желіде құқық қорғау органдарынің қызметкерлері жанжалдасқан видео тарады. Видеоға жазылған пікірде Қарағанды облысы прокуратурасының қызметкері А.Е. Бондаревтің осы оқиғаға қатысқаны айтылған. Қарағанды облысының прокуратурасы А.Е. Бондарев 2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап прокуратура органдарының қызметкері емес екенін хабарлайды, - деді ведомство өкілі.

Ескерту: видеода балағат сөздер айтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама