×

Шымкентте жылқылар мен қарсы бағыттағы көлікті соққан жүргізуші мерт болды

Көліктің тағы 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді

 Динара Амантай 19.07.2022 | 16:14
Фото: ernur.kz

Шымкентте жол-көлік оқиғасы кезінде бір адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы ІІМ-нің ақпараттық порталы хабарлады.

16 шілде күні кешкі сағат 20:00 шамасында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Абдулабад ауылында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінен шұғыл топ құрылып, оқиға орнына барды.

Тәртіп сақшыларының анықтауынша, сағат 20:00 шамасында 4 жолаушысы бар ВАЗ-21099 автокөлігі Төле би ауданынан Шымкент қаласы бағытына қарай қозғалған. Осы сәтте жол бойымен өтіп бара жатқан жылқыларды қағып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Volkswagen Passat жеңіл көлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Жол апатынан ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ көліктің тағы 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, – делінген хабарламада.

Қазір ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама