×

«Арым таза»: Айбол Әбікен допингпен ұсталды

Ол үш жылға футболдан шеттетілді

 Дастан Жұмабекұлы 24.06.2022 | 14:55
Көрнекі фото

Қазақстанның ұлттық құрама командасы мен «Ақсу» клубының ойыншысы Айбол Әбікен допинг пайдаланғаны үшін үш жылға футболдан шеттетілді.

Ол Ұлттар лигасындағы Молдовамен ойынға дейін допинг тест тапсырып, сынақтан өте алмай қалды. Содан кейін «Б» тестін де тапсырып, одан да сүрінген.

Осыдан соң Әбікенге үш жылға ресми ойындарда өнер көрсетуге тыйым салынды.

Осымен Қазақстан құрама командасының үшінші ойыншысы допингпен ұсталып отыр. Бұған дейін 2019 жылы Бауыржан Исламхан екі жылға футболдан шеттетілсе, 2021 жылы Руслан Валиуллин тесттен өте алмай қалған еді.

Айболға бұған дейін де допинг қолданды деген жала жабылған болатын. Сол кезде ол ресми мәлімдемесін Instagram-дағы жеке парақшасында жариялағани еді. 

«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі, спорт жанкүйерлері! Кейінгі кезде менің басымда болған жағдайдан өздеріңіз де хабардар боларсыздар. Есімді енді жиып жатырмын...

Байыбына бармай жатып қаралағандар да, қолдау көрсетіп демегендер де табылып жатыр. Өмірдің заңы сол ғой...

Кәсіпқой спорт жанкештілікті талап етеді. Қателікті кешірмейді...

Ес білгелі төсегім жасыл алаң, жастығым доп болды. Үйде болғаннан түзде жүргенім көп. Әкем жетелеп үлкен додаға қосқанда адамның ала жібін аттамауды, кісі баласына қиянат жасамауымды мықтап тапсырды. Сол сәттен бері Әке сенімін ақтауға тырысып келемін. Әке-шешем қарапайым жандар, бірі құрлыс саласында, бірі үй шаруасында. «Аға-көкесіз» шелектеп төккен тер мен қажырлы еңбектің арқасында ұлттық құрама ойыншысы деңгейіне дейін көтерілдім. Ұлттық құрама ойыны болсын, клубтық деңгейдегі кездесулер болсын аяғымды тартып қалған кезім жоқ! Жасыл

алаңда жанымды берсем де намысымды берген жоқпын.

Айтуға ауыз бармайтын жаңалықты естігенде төбемнен жай түскендей болды. Бір нәрсені айтқым келеді. Менің арым таза!

Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған, отбасында көрген тәлім-тәрбием мені дәл осындай арам жолдан аулақ ұстады. Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырдым. Күркіреген жауыннан соң күннің ашылатыны сияқты жамандықтың артынан жақсылық келеріне сенемін!

Құрметті жанкүйерлер, осы күнге дейінгі қолдауларыңызға мың да бір рақмет. Сіздерді сары уайымға салғызып қойғаным үшін кешірім сұраймын. Барлықтарыңызға амандық тіледім! Аққа Құдай жақ...

Құрметпен,Айбол Әбікен», - деп жазды футболшы.

Бұл жолы Айбол Әбікен шынымен де допингпен ұсталғанға ұқсайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама